Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жердегі затты "менікі" деп, қалтама салып көрмеген адаммын": Тоқтар Серіков даулы әнге қатысты пікір білдірді

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Тоқтар Серіков “Әнімді ұрлап алды” деген сазгерге жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/toktar.serikov/

Айта кетейік, ҚР мәдениет саласының үздігі Арайлым Мамырбек әнші Тоқтар Серіковті сотқа беріп, “Баба дала баяны” әнінің музыкасын ұрлап алды деп айыптаған еді. Істің ақ-қарасын өнер иесі журналист Әйгерім Сейфоллаға айтып берді. 

“Ауылға барамын” әні әке-шешемді сағынғаннан туған ән еді. Ауылдағы ағайындарымды бөлмеймін. Олар да әке-шешеміз сияқты сыйлап, құрметтейді. Бірақ біз қатты сағынып келген адамдардың жоқтығы жанға батады. Солардың құрметіне жазылған туынды еді. Алайда ол ән Арайлым деген әніне ұқсап кетіпті. Ол қарындасымды бұрын-сонды тыңдамағанмын, көрмегенмін. Оның әнін білмеймін де. Бірақ бір жерден, бір елден болғаннан кейін болар, ән соншалықты қатты ұқсас деп те айта алмаймын, бірақ ұқсас жерлері бар. Содан қарындасымды жанындағы кісілер күйттеген бе, ерте қимылдап, телеарналардан қатты жарнамалап жіберді. Сол жаныма батты. Жердегі затты алып, "менікі" деп, қалтама салып көрмеген адаммын. Әлемдегі ең бірінші жек көретін нәрсем – ұрлық. "Ұрлықшы" атанғаныма жүрегім ауырды. Ақпарат біржақты тарады, содан өкпем қара қазандай болып қалды", – деп түсіндірді әнші.



Одан кейін сазгермен келісімге келіп, істі сотқа дейін жеткізбеген көрінеді. 

“Қазір мәселе шешілді. Қарындасымның алдына барып, сөйлестік. Себебі соттасу процесі ұзаққа баратын еді. Біріншіден, оны қыз баласы ретінде сыйладым. Екіншіден, оны аяулы ана деп есептедім. Үшіншіден, ол да мен туған ауылдың ауасын жұтқан, табанын жерге тіреген жерлесім ғой. Ертең "Тоқтар аға дардай басымен қарындасына сөйтеді ме екен?" деп айтпасын деп, қарындасыма аттан түсіп, жол бердім. "Сен айта ғой, сенің әнің болсын. Мен бұл әнді айтуды тоқтатамын" дедім. Алла куә, сол сәттен бастап бұл әнді айтқан емеспін", – деді өнер иесі. 

Еске салайық, әнші төрт ұлына төрт үйір жылқы бергенін жазған едік.        

Талқылау