Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жер-су, елді мекенге адам атын беру қазаққа жат": Тарихшы Шонжы атауының өзгертілуіне қарсы

Биылғы жылы 17 маусымда Шонжыдағы ұлт аралық жаңжалдан кейін халықпен кездесуге барған облыс әкімі Амандық Баталовтың алдына жергілікті қазақ жастары «Ұйғыр» ауданы деген атауды өзгерту мәселесін көтерді. Әкім халыққа аймақтың атауын өзгертеміз деп сөз беріпті. 18 маусымдағы облыс басшысының баспасөз хатшысы Ғалимұрат Жүкелдің мәлімдемесінде Шонжыны- Әлмерек, Ұйғыр ауданын - Қарадала деп өзгерту ұсынылыпты. Осыған орай тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының оқытушысы Әлімғазы Дәулетхан Шонжы атауы қайдан шыққаны, неліктен өңірге адам атын беруге болмайтынын баяндап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ғалымның айтуынша, топонимикалық және ономастикалық атауларды өктемдікпен саясиландыру, әсіресе, моңғол жортуылы мен араб, парсы, орыс, қытай империяларының шапқыншылықтарынан кейін басталды. Түрік халықтары табиғат құшағында өмір сүрген қазақ халқы жер-су атауларын тек табиғаттың өз жаратылысы бойынша атап келгені белгілі, деп қосты ол.

"Соңғы жылдары жер-су атауларымен белгілі тарихи тұлғаларға, ру-ұлыстар мен ұлттық ерекшеліктерге байланысты ат-атаулар жөнінде бір-біріне мүлде қарама-қарсы әрі ғылыми ұғым-түсініктер мен талаптарға жауап бере алмайтын жер-су атаулары белең алды. Мені ойландырып-толғандырған мәселе кейінгі кезде белгілі бір топтардың жер-су, елді мекен атауларымен ономостикалық атауларға қатысты ешбір дәлел-дәйексіз, құжаттық негізсіз ойжота сөздерді заңдастырғысы келгені, - дейді Әлімғазы Дәулетхан.

Сөзінше, "Қазақстан Заман" газетінің 2018ж 19 шілдедегі нөмірінде редакцияның анықтама түсініктемесінсіз мыңдаған адамдардың қолы қойылған "ашық хатпен" Қазақстанның экс- премьер-министрі Бақытжан Әбдірұлының атына арнаған өтініштерін қоса жарияланған. Ал ашық хаттағы: "Әлмерек батыр отыз бес жасында жоңғардың батыры Алғабастың, он сегіз жасында жоңғардың (қоңтайшысы) қолбасшысы, әрі қас батыры Шонжының басын алып, қазақтың абыройын асқақтата түседі", "Жоңғардың батыры Қордай елу мың қол бастап қазақтарға қарсы жорыққа аттанады" деген сияқты сөйлемдермен жұртты шатастыра бастаған.

"Әлмерек бабамыздың әулиелігі мен билігі, батырлығы жөніндегі аңыз бен ақиқатқа құрмет етемін. Ал, құрметтеу ол адамның атына елді мекен атын бермесе болмайды дегенге тіреліп тұрмаса керек. Әулие мен батыр екі бөлек ұғым, жұрттың бәрі білетіндей әулие Жаратушыны ұлықтап, зікір етеді, бір құмырысқаның өзін өлтірмейді. Ел мен жер үшін дұға жасайды, қиын сәтте керемет көрсетеді. Батыр найзасын нық ұстап, аттың үстінде жауын жайратады. Кешегі тарих пен ертеңгі ұрпақтың алдында ұятқа қалмайық десек, өтірікке ел болып тосқауыл қояйық. Рухани жаңғыруды желеу етіп, қиялға беріліп, жалған тарих жасасақ қандай ел болмақпыз?!" - дейді этнограф. 

Әлімғазы Дәулетхан Шонжы атауының мағынасына тоқталып өтті. Бұған қоса ол белгілі түрік-моңғолтанушы, моңғол тілін жетік білетін ғалым Нәпіл Базылханнның зерттеуін мысалға келтірді.

"Шыңғыс қаған тақ мұрагерлері салғызып әскери, әрі сауда жолының амандығын бақылайтын (бекет, өртең - Ленгер-Шонжы аталған) тоғыз жолдың торабындағы бекіністің соңғы топонимикалық атауы "Шонжы" ретінде бізге жетіп отыр.  "Қазіргі моңғол тілінде: Conji > Чонжы, Цонж түрінде кездеседі. Қазақ тілінде "Шонжы" тұлғасында топоним ретінде кездеседі. Моңғол тіліндегі "Чонжы-Цонж" сөзінің мағынасы: 1. Алысты қарауылдайтын биік жартас. 2. (Ауыспалы) Шекара аумақтарды қорғаушы қорған, бекініс", - дейді оқытушы.

Тарихшы аймаққа адам атының берілуіне үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді. 

"Жаншықұлы Әлмерек (1685-1754) ата Қарату ауамағында туылған. Алматы қаласының солтүстік шетіндегі Покровка маңында кесенесі және бастауы бар. Бұрынғы Гагарин елді мекені қазір Әлмерек атымен аталады. Әлмерек атаның ру-ұлыстары Дала Шелекте қоныстанған, одан кейін Қулықтың тауына қоныс аударған. Қазірде олар Райымбек, Кеген аудандарындағы Сарбастау (Ұзақ аулыдық округі), Ұзынбұлақ, Жылысай ауылдарында орын тепкен. Шонжы өңірінде бұрын да бүгін де Әлмерек ата ұрпақтары тұрмайды. Топонимикалық атауды ономостикалық атауға айналдырып жіберген ағайындар тарихшылардан қандай тарихи дәлел сұрап отыр? Тарихшылар жоқ деректі қайдан алмақ? Жер-су, елді мекен атауларын адамдастыру, адам атымен атау біздің қазақ халқында мүлде болмаған, орыс отаршылдары алып келген көп індеттің бірі" - дейді Әлімғазы Дәулетхан.

Сондай-ақ зерттеуші Қытайда қаншама әйгілі адамдар, зұлым, шен құмар патшалар мен қолбасылар болса да, солардың атында бір де бір жер-су, елді мекен, қала, көше аттары болмаған екенін айтады. Қытай тарихын, оның географиясын, топонимикасын зерттеушілер еш шатаспастан-ақ бес мың жылдық тарихын жазып та, оқып та келеді, дейді тарихшы.

"Шонжы" атауына сол өңірдегі тарихи жер-су атауларының бірін мәселен «Шарын, Көкбекті, Алатау, Темірлік, Сарытоғай, Тастықара немесе Нұркент, Нұрқала т.б.» тіпті бір анықтама сөз тіркеп-ақ жаңа атау беруге болады. Мысалы: Қарадала ауданы, Нұркент елді мекені. Әр істі көңіл ауанымен емес, ақыл мен парасатпен кең ойлап, кең пішуді үйренуіміз тиіс. Кейбір тарихи білім-білігі жоқ, лап етпе көңіл күймен, ұлттық эгоистік ындынмен қолдан тарих жасағысы келетін жеңіл ойлылықты тоқтатумыз керек", -деп қосты зерттеуші. 

Сонымен қатар Әлімғазы Дәулетхан бүгінгі күн ертеңгі тарих екенін ескере отырып, сөзін қорытындылады. 

"Бүгінгі таңдағы еркін интернет ресурстарын пайдаланып, дастарханның басындағы бос әңгімелермен елді шатастырмай, шындықтың жүзіне тура қарап, әділдікті ту етіп, ғылымды қадірлеп бірге талқылайық, жасайық, жазайық. Елдікті ел болып нығайтайық. Нақты тарихи шындық, деректі құжат, бұлтартпас факт негізінде сөйлеуді әдетке айналдырайық отандастар", - дейді тарихшы. 

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының Ұйғыр ауданында ауыл жастары арасында жаппай төбелес орын алғаны айтылған еді. Кейіннен өңірде орын алған төбелеске себеп болған жағдай айтылды. Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аймаққа барған іс-сапарында Ұйғыр ауданының атауын өзгертпекші екенін мәлімдеген. 

 

Талқылау