Жер сілкінісін желеу еткен жамбылдықтар үйіндегі ескі зақымдарды жөндетпек болған
Жамбыл облысындағы 5 балдық жер сілкіністерінен келген шығын есептеліп жатыр. Өткен жұмада болған жерасты дүмпулерінен соң екі ауданда бес әлеуметтік нысан мен бірнеше жеке тұрғын үй жөндеуді қажет етіп тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Тұрар Рысқұлов және Меркі аудандарында зақымдарды тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өйткені дәл осы өңір екі жер сілкінісінің эпицентрі болды. Олардың арасы 12 сағат. Тұрғындар төбенің құлап, қабырғалардың жарылғаны туралы айтып хабарласып жатыр. Дәл осындай шағыммен жүзден астам қоңырау түскен.
Алайда тексеру барысында көптеген зақымдардың жер сілкінісіне қатысы жоқ болып шықты. Кейбір тұрғындар жер сілкінісін желеу етіп, мүмкіндікті пайдаланып, үйлеріндегі ескі зақымдарды жөндетіп алуға тырысқан.
Қазір екі балабақша, мектеп, ауылдық амбулатория, Меркі аудандық ауруханасы және 12 жеке тұрғын үй жөндеуді қажет ететін нысандардың қатарында. Үкіметтік комиссияның қорытынды есебі кейінірек жарияланады.
“Мамандар, ғылыми-зерттеу институты және мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кешенді бағалау жүргізілді. Талдау нәтижелері бойынша тиісті шешімдер қабылданады”, – деді Меркі ауданы әкімінің орынбасары Ернар Әбілдаев.
Оның айтуынша, қазір Меркі ауданындағы төтенше жағдайға байланысты жағдай тұрақты.
Еске салайық, 28 наурыз күні сағат 03:42-де Алматыдан 323 шақырым оңтүстік-батыста, Қазақстан аумағында жер сілкінісі тіркелді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Жамбыл облысының тоғыз елді мекенінде жер сілкінісінің сезілу күші 5-тен 2 балға дейін болған. Ең жоғары 5 балл – Меркі ауданының Меркі ауылында тіркелді. Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан ауылында жер сілкінісінің күші 4 балл болды, ал Тараз, Шу қалаларында, сондай-ақ Қордай және Мойынқұм аудандарында 2 балл болды.