Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жер сілкінісі қаупі бар аймақтардағы үйлерге қатысты: Құрылыс кодексінде не өзгерді

Фото: Stan.kz

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс кодексіндегі маңызды жаңалықтарды түсіндірді.Олардың мәліметінше, елімізде сейсмикалық тәуекелді азайтуға арналған жаңа міндетті талаптар енгізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы жаңа Құрылыс кодексіне 9 қаңтарда қол қойды. Құжат 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.

Жаңа Құрылыс кодексіне республикада сейсмикалық тәуекелді азайтуға арналған жаңа міндетті талаптар енгізіліп жатыр. Оларға келесі сейсмикалық қауіпсіздік шаралары кіреді:

  • жобалауда сейсмикалық оқшаулау жүйелерін пайдалану;
  • құрылыстың барлық кезеңдерінде сейсмикалық қауіп және тәуекелді бағалау;
  • құрылымдық жүйелерді міндетті сейсмикалық сынау;
  • сейсмикалық қауіпті аймақтардағы тұрғын үй және қоғамдық ғимараттарды сертификаттау;
  • сыни деңгейдегі I нысандарда инженерлік сейсмометриялық станцияларды орнату;
  • сейсмикалық факторлар мен сейсмикалық микроаймақтау деректерін ескере отырып, ең қауіпсіз құрылыс алаңдарын таңдау.

Сейсмикалық паспорт

Бұл ғимараттың сейсмикалық қауіпсіздігі туралы құжат. Онда нысанның жер сілкінісіне қаншалықты төзімді екені, жағдайы мен оны күшейту, жөндеу немесе жаңарту қажет пе көрсетілген. Сондықтан сейсмикалық паспорттар тәуекелдерді алдын ала түсіну үшін өте маңызды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, Құрылыс кодексі қолданыстағы ғимараттарды заңдастырмайды немесе қайта қарамайды. Бірақ ақауы бар ғимараттарды басқаруға жүйелі тәсіл енгізеді.

“Мемлекет әр ғимараттың жағдайын нақты біліп отырады. Соның арқасында қай үйді күшейту керек, қайсын жөндеу керек, қайсын қайта салу немесе тіпті пайдалануға шектеу қою қажет екенін заң бойынша алдын ала жоспарлап шешуге болады. Ал тұрғындар үшін қауіпті үйлермен жұмыс енді бейберекет емес, ашық әрі жоспарлы түрде жүргізіледі деген сөз”, – дейді министр. 

Ерсайын Нағаспаев сейсмикалық паспорттар мен микроаймақтау карталары қосымша рұқсаттар бермейтінін және ғимараттарды қабылдауға әсер етпейтінін айтты. Олар фактіден кейінгі бағалау үшін емес, дұрыс жобалау және құрылыс салу үшін қажет болады екен. 

“Бұл карталар қала құрылысы және жобалау жұмыстары үшін қажет болады. Сондықтан жобалау кезеңінде қауіпсіз құрылымдарды, технологияларды және сейсмикалық қорғаныс деңгейін таңдауға болады. Сейсмикалық паспорттар қолданыстағы ғимараттардың нақты жағдайын түсінуге, тәуекелдерді бағалауға және нақты ғимаратты қабылдауға кедергі келтірмей, күшейту, жаңғырту немесе жаңарту туралы шешім қабылдауға көмектеседі”, – деді спикер.

Министрдің сөзінге, егер ғимарат пайдалануға берілген соң қауіп анықталса,  оған құрылыс салушы немесе иелері жауапты болады. 

“Егер қауіп құрылыс немесе жобалау бұзушылықтарымен байланысты болса, құрылыс салушы анықталған ақауларды белгіленген кепілдік мерзімі ішінде түзеті тиіс. Жалпы кепілдік мерзімі кемінде бес жыл. Ал жүк көтергіш құрылымдар үшін кемінде он жыл. Егер қауіп пайдалану кезінде (мысалы, құрылымдық тозу) туындаса, ғимаратты күтіп ұстау және жаңғырту шығындарын көтеретін иелері шаралар қабылдайды”, – деді ол.

Министрдің сөзінше, кодекс сертификаттау және сейсмикалық бағалау арқылы тәуекелдерді ерте анықтауға мүмкіндік береді. Ал мемлекет ғимараттың жасына қарамастан, құрылымдық нығайту, жаңғырту немесе жөндеу шараларының орындалуын бақылайды.

Қала құрылысы жобаларына міндетті сараптама енгізіледі

Қазақстанда барлық қала құрылысы жобаларына, соның ішінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына міндетті сараптама жүргізіледі. Бұл қателіктерді ерте кезеңде анықтауға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және үдерісті ашық етуге бағытталған.

Сонымен қатар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын екі жылда бір реттен түзетуге рұқсат етіледі.

Құрылысқа бақылау күшейтіліп, жауапкершілік артады

Құрылыс кодексі аясында құрылысқа бақылау күшейтіліп, саланың қатысушыларының жауапкершілігі арттырылады.

Төмендегідей шаралар енгізіледі:

  • Құрылыс басталғаннан бастап нысан толық пайдалануға берілгенге дейін мемлекет құрылыс барысын үнемі бақылап отырады, қажет болса бірден араласады және жоспар бойынша тексерулер жүргізеді;
  • есептер мен мониторингке негізделген, нысанға бармай-ақ жүзеге асырылатын қашықтан (камералдық) бақылау;
  • заңсыз салынған нысандарға ауыртпалық (шектеу) қою арқылы әділет органдарын анықталған бұзушылықтар туралы міндетті түрде хабардар ету.
  • Бұл ретте қала құрылысын бақылау департаменті және төтенше жағдайлар органдары нысандарды пайдалануға қабылдау процесіне де қатысады.

Қала құрылысы жобаларының іске асырылуын бақылау

Елде қала құрылысы жобаларының орындалуына бақылау енгізіледі: талаптарға сай келмеген жағдайда рұқсат құжаттары берілмейді. Бұл үдеріс мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесі арқылы қадағаланады.

Сондай-ақ құрылыстың барлық кезеңінде ашықтықты қамтамасыз ету үшін әр нысанға бірегей нөмір беріледі. Сол нөмір арқылы құрылыс басталғаннан бастап пайдалануға берілгенге дейінгі барлық ақпаратты тексеруге болады.

Лицензия иелерінің электрондық тізілімі

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласына қатысушыларға қойылатын талаптар күшейтіліп, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктірілген лицензия иелерінің электрондық тізілімі енгізіледі.

Бұл:

  • жалған қатысушыларды болдырмауға;
  • салада тәртіп орнатуға;
  • лицензиялық талаптарға сәйкестікті автоматты түрде тексеруге;
  • сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, халықаралық тәжірибені ескеріып, 2028 жылдан бастап инженерлерді міндетті сертификаттау енгізу жоспарланып отыр. Бұл функция бәсекелі ортаға беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев жаңа Құрылыс кодексіне қол қойғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 16:39