Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жеңіл жүрістілерден ауру бала туады деген қазақстандық блогердің басы дауға қалды

Жеңіл жүрістілерден ауру бала туады деген блогердің бас дауға қалды

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Гүлнар есімді блогер” ауру балалардың әкесі не шешесі кезінде жеңіл жүрісті болған, содан ауру бала дүниеге әкелді” деп видео жариялады. Оның бұл сөздері ерекше балалар тәрбиелеп отырған ата-аналарға ауыр тиді. Ерекше балалардың ата-анасы ауру балалар туралы “ауыр үкім” айтқан блогердің үстінен шағым түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Блогер аутизммен туылып, қатерлі ісікке шалдыққан балалардың сырқатын оның әке-шешесінің бұған дейін бей-берекет жыныстық қатынасқа түскенінен дейді.

Жеңіл жүрістілерді өмір жазалайды. Жеңіл жүрістілердің балалары ауру болып туатыны туралы ақпаратты бұрыннан білемін. Бізде аутизм көп, әр екінші бала ауру болып туады. Бұл жеңіл жүрісті өмір салтынан. Мысалы, әркіммен бір жүрген актер Абдуловты алайық. Қатерлі ісіктен қайтыс болды. Трихомонада деген бар, ол жыныстық жолмен беріледі. Вирус, инфекциялар ағзада жиналып, қатерлі ісікке алып келеді. Бұрын жеңіл жүрісті өмір салтын ұстанған ер адамға тұрмысқа шығып, сондай әйелге үйлену қауіпті. Олардан ауру бала туады. Сондықтан әркім өз күнәлары үшін кешірім сұрап, рухани, физикалық тұрғыдан тазаруы керек”, – дейді блогер Гүлнар.

Оның бұл мәлімдемесі көпшіліктің, әсіресе аутизмі бар және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарының ашу-ызасын тудырды.

“Ұжымдық арыз жазуға дайынмын”, “Бұл әйелдің баласы ауру болып туылса айызым қанып, күлемін”, “Ең сорақысы, ол өзін дұрыс нәрсе айтып тұрмын деп ойлап тұр”, “Ерекше балалардың аналарына тиіспеңдерші”, “Ерекше аналарға Құдай күш берсін”, “Сөзім жоқ”, “Ұятсыз әйел”, “Тағы бір ауру”, “Сені кім туыпты, ақылың да, ұятың да жоқ екен”, – деп жарыса жазды желідегілер.

Ерекше бала тәрбиелеп отырған Перизат есімді блогер бұл видеоға наразылық білдіріп, басқа ерекше аналармен бірге ұжымдық арыз дайындап жатқанын айтты.

“Ерекше балаларын тәрбиелеп отырған аналарды жеңіл жүрісті деп, балаларын оларға берілген жаза деп қарастыру арсыздық емес, бұл – мемлекеттік деңгейде жарияланған саясатқа қарсы әрекет. Гүлнар, сіз бұны білдіңіз бе? Бұл батылдық та, жеке пікір де емес, бұл – қаралау, кемсітушілік және адамдық қадір-қасиетті қорлау. Мұндай сөздер мен әрекеттерге қатысты заң бар. Ал заңсыздықтың артында жауапкершілік бар”, – деді блогер.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 01 Желтоқсан, 2025 15:43