Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында алғашқы медальға ие болды
Фото: Алексей Губанов
Қазақстан жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жеңіл атлетикадан құрлық біріншілігі Оңтүстік Кореяның Куми қаласында басталды.
Отандастарымыз арасынан Ясмина Токсанбаева 20 шақырымдық спорттық жүрістен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Қазақстандық спортшы үздік үштікке еніп қана қоймай, жеке рекорд орнатты — 1 сағат 32 минут 15 секунд.
Алғашқы жарыс күнінде 10 қазақстандық спортшы жарыс жолына шықты. Үш дисциплинада финалдық кезең өтті. Өкінішке қарай, 1500 метрге жүгіруден сынға түскен алматылық Максим Фроловский финалға өте алмады. Ол өз жарысында 7-орынға тұрақтады.
Ал 400 метрлік қашықтықта алматылық Виктория Ан 4-орын алды. Павлодар облысынан қатысқан Александра Залюбовская да 4-орынмен шектелді, бұл нәтиже финалға жолдама алуға жеткіліксіз болды.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы 400 метрлік қашықтықта финалға шыққан спортшылар – Үндістан, БАӘ, Вьетнам, Қытай, Жапония, Шри-Ланка және Өзбекстан елдерінің өкілдері.

"Әпшу" сұрайды, омырауын береді, шашын алып тастайды": Қазақстандықтар балаларының жеке шекарасының бұзылып жатқанына шағымданды
