"Болашақ" бағдарламасының түлектеріне оқу қарызын өтемей-ақ, шетелде жұмыс істеуге рұқсат етілмек
Қазақстанда "Болашақ" бағдарламасының студенттеріне елдегі оқу қарызын өтемей-ақ, шетелде жұмыс істеуге рұқсат етілмек. Ғылым және жоғары білім министрлігі "Болашақ" стипендиясын алу ережелеріне осындай жаңашылдық енгізуді ұсынып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Nypost.com
Министрліктің ұсынысы әлі қабылданған жоқ. Үкімет қаулысының жобасы "Ашық құқықтық актілер" порталында жарияланды.
"Тәжірибе көрсеткендей, "Болашақ" бағдарламасының көптеген түлектері Біріккен ұлттар ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы және т.б. сынды халықаралық және өңірлік ұйымдарда жұмыс істеп, өз білімдері мен дағдыларын қолдана алады. Аталған мамандардың Қазақстанның халықаралық аренадағы мүдделерін ілгерілетуге қосқан үлесін ескере отырып, олардың аталған ұйымдардағы еңбек қызметін міндетті қызмет талаптарына сай деп тану ұсынылады", – делінген құжатта.
Министрлік мәлемітенше, "Болашақ" бағдарламасының түлектері үкіметтің бастамасымен және іссапарлары аясында халықаралық ұйымдарға жұмыс істеуге жиі жіберіледі.
"Осы жағдайларды ескере отырып, ұсынылып отырған өзгерістер бағдарлама шарттарын сақтауды қамтамасыз ете отырып, "Болашақ" түлектерінің әлеуетін ел игілігі үшін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, "Болашақ" бағдарламасының шарттарына сәйкес мемлекет студенттерге шетелде оқу, екі жаққа ұшу, медициналық сақтандыру, визалық алымдар мен оқу материалдары шығындарын төлейді. Сонымен қатар, оларға ай сайын стипендия беріледі.
Қазақстандықтардың көбі білетін ең атақты "болашақтық" – сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін, әйелін өлтіргені үшін 24 жылға сотталған экс-Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілініп, елден қашып кеткен Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбек те осы бағдарлама бойынша шетелде білім алған.
Алматы полиция департаменті 2022 жылы алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та болашақтық.
Айта кетейік, бұған дейін 2024 жылдың 4 қарашасында "Болашақ" халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Әлия Оспанова қызметінен кеткен еді.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді