Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теміртауда жаңбыр астында асфальт төсеген мердігерлер видеоға түсіп қалды (видео)

Желіде Қарағанды облысы Теміртау қаласында жаңбыр астында асфальт төсеп жатқан мердігерлер түсірілген видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Видео авторының айтуынша, әкімдіктер сын айтылмайынша, іске көшпейді. 

“Әкімдіктерге алдын ала жүгінбесең, іске көшпеді. Теміртаулық мердігерлер жауын-шашында асфальт төсеп, келесі жылы да табыс табуға әрекет етіп жатыр. Жарайсыңдар, халықтың ақшасын жақсы меңгеріп жатырсыңдар”, – делінген видео жазбасында. 



Аталған жағдайға қатысты Stan.kz Теміртау қаласы әкімдігінен пікір сұрап көрді. Әкімдік мәлімдемесіне сәйкес, видео Теміртаудағы қоғамдық парақшалардың бірінде 1 қыркүйекте жарияланған. 

"2024 жылдың 1 қыркүйегінде кешке Республика даңғылының бойында ұсақ түйіршікті асфальттың үстіңгі қабатын төсеу жұмысы аяқталып жатқанда жаңбыр жауды. Сосын төсеу жұмыстары жүргізілмеді. Бұл видеоның өзінде де расталған (асфальт төсегіш стационарлық, жаңа материал жеткізілмеген). Жаңбыр алдында төселген асфальт ылғалдың енуіне жол бермеу үшін қайта тегістелген. Орташа жол жөндеу учаскелерінде жұмыстар техникалық қадағалау инженерінің бақылауымен жүргізіледі. Барлық жұмыс зертханалық тексеруден өткеннен кейін Қарағанды ​​облысы "Жол құралдары сапасының ұлттық орталығы" филиалының қорытындысынан кейін қабылданады”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Жетісу облысында 500 миллион теңгеге төселген асфальт бірден үгітіле бастаған. "Талдықорған-Өскемен" автомагистралінен Арасанға дейінгі 77 шақырымның тоз-тозы шыққан. Облыстық маңыздағы тас жолдың біраз бөлігіне орташа жөндеу жасалып, асфальт төселген екен.

Талқылау