Желіде "Қойшы баланың" продюсері, әнші Қанағат Меченбайдың полицияға ұсталған сәтінен видео тарады
Әлеуметтік желіде әнші Қанағат Меченбайдың “мас күйінде” көлік айдап, полицияға ұсталған кезінен видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/kana_mech_official/
Өнер иесіне қатысты жол-көлік оқиғасы былтыр болған көрінеді.
“Өткен жылы Алматыда полицейлер әнші Қанағат Меченбайға қатты ұқсайтын мас жүргізушіні тоқтатты. Заң бойынша, оны 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырып, 15 тәулікке қамауға алғанын оқырманымыз айтып берді. Бүгінде әншінің өзі Алматы облысы, Талғар ауданындағы Мәдениет үйінде жұмыс істейтіні белгілі болды. Одан кейін ешқандай тәртіптік жазасы жоқ екені көрсетілген”, – деп жазды @egovpress Telegram арнасы.
Stan.kz тілшісі аталған мәселе бойынша, әншінің өзімен байланысы алмады. Алайда жұмыс істеп жатқан Талғар аудандық мәдениет үйінің директоры оқиғаны растады.
“2023 жылдан бері әріптеспіз. Негізі ол Бесағаш ауылындағы мәдениет үйінде жұмыс істейді. Бір жыл бұрынғы оқиға еді. Ол кезде кезекті еңбек демалысында жүрген. Біз жұмыстан шығарып немесе сөгіс берген жоқпыз. Жұмыс уақытында болмағасын ештеңе істей алмадық”, – деді мәдениет үйінің директоры Берік Сапарғалиұлы.