"Бекшин рұқсат берген": Желіде 150 адамға арналған банкет қызу талқылануда
Қаладағы қонақ үйлердің бірі Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің рұқсатын пайдаланып, саны 150-ден аспайтын адамның қатысуымен іс-шара өткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Құжаттың фотосуреті әлеуметтік желілерде пайда болды. Онда санитария-эпидемиология бақылау департаменті Алматыда 150-ден аспайтын адамның қатысуымен және алгоритмді сақтай отырып, іс-шаралар өткізуге келіскені жазылған.
Санитар-эпидемиологтардың құжаттағы қолын көрген әлеуметтік желі қолданушылары наразылықтарын білдірді.
"Мынаны қараңыздар! Алматыдағы "Ритц Карлтон" мейрамханасына 150 адамға той жасауға рұқсат берген.Ал ондай жерде кімдер той жасайтынын өздеріңіз түсініп отырған шығарсыздар... Әрине! Министрлер, депутаттар, әкім-қаралар, бай-бағландар! Енді бұл мейрамхана күн сайын той жасай ма, апта сайын жасай ма, айына он той жасай ма - өзі біледі. Ең бастысы, сол кездегі бас санитардың рұқсаты бар... Енді ойлаңыз: Шетелден вирусты тасып әкелген кімдер?"- деп жазды Instagram парақшасында Сәуле Абединова.
Алматы қаласының санитария-эпидемиология бақылау департаменті әлеуметтік желілерде жарияланған хатты ведомство Сapital Tower Development LLP, Ritz Carlton Hotel-ге спортшыларды мадақтау және персоналды даярлау үшін бір реттік іс-шараға жібергенін мәлімдеді.
"Спортшыларға құрмет көрсету Ritz Carlton қонақ үйінің бірінші қабатында ұсынылған және бекітілген алгоритмге сәйкес, сондай-ақ қоршаған ортаны зертханалық бақылау нәтижелері бойынша өткізілуі керек еді. Алайда 17 қазанда Бостандық ауданының мониторинг тобының тексеру барысында ведомствоның хатын рұқсат ретінде пайдалана отырып, Ritz Carlton ғимаратында банкет (той) өткізу фактісі тіркелді. Хатты департамент 2020 жылдың 30 қыркүйегінде жариялады және кейінірек осы бұзушылықтарға байланысты кері қайтарып алды. Департаменттің хаты ұжымдық іс-шараларды, атап айтқанда үйлену тойын 28-қабатта өткізуге негіз болып табылмайды", - деп хабарлады ведомстводан.
Мамандар спортшыларға құрмет көрсету және тренинг өткізу үшін іс-шара өткізу мүмкіндігі мониторинг жүргізілгеннен кейін берілгенін айтты.
"ЖШС басшылығы бактерияларды бейтараптандыру үшін ауа алмасу жүйесіне рециркуляторлар мен бактерицидті сәулелегіштерді орнатты. Сонымен қатар, ауаны зарарсыздандыру үшін озон генераторы қолданылды, ол бөлмедегі ауаны патогендік микрофлорадан тазартуға көмектеседі, озон микробқа қарсы әсерге ие және тиімді дезинфекциялық құрал болып табылады. Залдағы ауаны, сондай - ақ желдету бөлмелеріндегі ауаны зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша алтын стафилококк, зең және ашытқы, микроорганизмдердің жалпы мөлшері табылмады, бұл медициналық мекемелердің нормаланған көрсеткіштерінен әлдеқайда жақсы", - деді санитар дәрігерлер.