Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жедел жәрдем қызметкерлерінің бас көтеруі: Ақмарал Әлназарова қосымша аудит жүргізуді тапсырды

Ақмарал Әлназарова қосымша аудит жүргізуді тапсырдыФото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 22 қараша күні жедел жәрдем қызметкерлеріне, фельдшерлерге және жүргізушілерге үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министр медицина қызметкерлеріне жеке әрі ашық түрде үн қатты.

“Құрметті жедел жәрдем қызметкерлері, фельдшерлер, жүргізушілер! Сідер – ең қиын сәттерде алғашқы болып көмекке келетін жандарсыздар. Күн сайын сіздер ауыртпалыққа, қауіп-қатерге, күйзеліске, жоғары жүктемеге тап боласыздар, соған қарамастан адамдардың өмірін сақтап қалуды жалғастырасыздар. Бұл орасан зор әрі шынайы құрметке лайық еңбек. Соңғы бірнеше ай бойы біз жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбекақысы мен жұмыс жағдайларына қатысты барлық мәселелерді жан-жақты талдап келеміз. Мен қабылданатын барлық шешімдер әділ және нақты қажеттіліктерге сай болуы үшін жүктеме мен кадрлық жағдай бойынша қосымша аудит жүргізуді тапсырдым”, – деп жазды Ақмарат Әлназарова.

"201 сағаттық жұмысқа 6-ақ мың теңге": Теміртауда жедел жәрдем қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етіп, Тоқаевқа жүгінді (видео)


Астанада тұрғын үй қасбетінің құлауы: Ауыр жарақат алған фельдшер көз жұмды


Ол бұл мәселенің нақты шешімін табатына сенеді.

“Сіздердің проблемаларды ашық айтуға деген құқығыңыз — талассыз және күмән тудырмайды. Мен медицина қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсартуға бағытталған конструктивті диалогты толық қолдаймын. Жедел жәрдем қызметкерлеріне кез келген — қандай да бір формада қысым көрсетуге мүлдем жол берілмейтінін жеке атап өтемін. Медицина қызметкерлері қандай да бір салдарлардан қауіптенбей өз пікірін еркін білдіруі тиіс. Сіздердің еңбектеріңіз — халықтың медицина жүйесіне деген сенімінің негізі. Сіздер күн сайын азаматтарымызды қолдап жүргендей, біз де сіздерді қолдауға міндеттіміз”, – делінген жазбада.

Еске салайық, Темірдауда жедел жәрдем қызметкерлері жалақының аздығынан бөлек, көліктері тозғанын, сыйақы немесе үстемеақы мүлде берілмейтінін айтып, бас көтерген еді. Олар осы уақытқа дейін үнсіз келгенін, енді халықтың қолдауы ауадай қажет екенін айтты. Осылайша олар президент Тоқаев пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға үндеу жолдады.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 23 Қараша, 2025 08:00
Талқылау