Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаяу жүргіншіге балшық шашып кеткен Mersedes жүргізушісі айыппұл арқалады

Фото: Жасанды интеллект 

Жаңаөзен қалалық соты жаяу жүргіншілерге балшық шашқан жүргізушіге айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Маңғыстау облыстық сотының мәліметінше, оқиға 2025 жылдың 28 желтоқсанда Жаңаөзендегі Бостандық шағынауданында болған. Сот мәліметінше, Е есімді азамат “Mersedes” автокөлігін басқарып келе жатып, Г есімді азаматшаға лай шашып кеткен. Сот бұл әрекетті қоғамдық тәртіпті бұзу және қоғамдық орында айналасындағыларға құрметсіздік таныту деп бағалады.

Сот отырысында жүргізуші кінәсін мойындап, кешірім сұрайтынын, айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұрады. 

Ер адамның кінәсі жәбірленушінің түсініктімесімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, фотоматериалдармен және өзге де дәлелдермен расталды.

Сот жүргізушіні “ұсақ бұзақылық” бабы бойынша кінәлі деп танып, 86 500 теңге көлемінде айыппұл салды. Үкім заңды күшіне енді.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық ер адам "Сергек" камерасына мылтықпен оқ атып, сотқа тартылғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 05 Ақпан, 2026 20:43