Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жай тісі шығып келе жатқанын айтты": Жезқазғанда бір жарым жастағы бүлдіршіннің ата-анасы оның өліміне дәрігерлерді кінәлады

Фото: Сюжет кадрларынан

Жезқазғанда бір жарым жастағы қыздың ата-анасы оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуларынша, мамандар сәбидің диагнозын дұрыс қоймай, қызуы мен ауырсынуын жай тісі шығып келе жатыр деп түсіндірген. Бөбек кейін пневмониядан жансақтау бөлімінде көз жұмған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жыл басында сәби суық тию және отит белгілерімен медициналық мекемеге түскен. Бірнеше күннен кейін кішкентай Каролинаның жағдайы күрт нашарлап, оны жансақтау бөліміне ауыстырған. Дәрігерлер оған өкпе тінінің инфекциялық қабынуы (пневмония) диагнозын қойған. Өкінішке қарай, баланы аман алып қалу мүмкін болмады.

"Бізді балалар жансақтау бөліміне ауыстырды. Сол жерде пневмония мен пневмоторакс анықталды. Екі күн ішінде мұндай диагноз бірден пайда болмайды. Демек, бұл отбасылық дәрігерлік амбулатория дәрігерлерінің салғырттығы. Өйткені біз сол жерде бақылауда болдық. Соңғы рет қарағанда олар қызымның өкпесінен ештеңе таппағанын, таза екенін айтты. Ал дене қызуы мен ауырсынуды жай тісі шығып келе жатқанымен байланыстырды", – дейді марқұм Каролинаның анасы Светлана Велиева.



Каролинаның анасы бұл жағдай бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне, полицияға және прокуратураға арыз түсірген. Қазір осы оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Балалар хирургиясы бөлімінің мәліметінше, қажет медициналық көмектің барлығы көрсетілген. Астанадан мамандардың қатысуымен телемедицина платформасы арқылы шұғыл консилиум ұйымдастырылған. Алайда дәрігерлердің айтуынша, ауру өте тез өрбіген, және ауруханаға түскен кезде бала ауыр халде болған.

"Ем жүргізілгенімен, жағдай жақсарған жоқ. Астанамен кеңестік, екінші дренаж қою ұсынылды. Ұсынылған барлық процедуралар орындалды. Санавиация ұйымдастырылған еді. Бірақ олар келгенше бала көз жұмды. Қызда іріңді инфекция болған. Ол бір-екі күн емес, кем дегенде он күн ауырған", – деді облыстық көпсалалы аурухананың бөлім меңгерушісі Данияр Аманов.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 17 Маусым, 2025 12:15
Талқылау