Жасөспірім отбасын құтқару үшін дауылды теңізде 4 сағат жүзген

Батыс Аустралия жағалауында 13 жасар жасөспірім қатты дауыл кезінде теңізде төрт сағат бойы жүзіп, анасын және екі кіші бауырын аман алып қалды. Қайық суға толып қалған соң, ол шамамен 4 шақырымды жүзіп өтіп, көмек шақырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Батыс Австралияның оңтүстік-батысында, жарық азайып, ауа райы күрт нашарлаған кезде болған. Жасөспірімнің ерлігі арқасында анасы мен екі кіші бауыры аман қалған.
Отбасы Перт қаласынан оңтүстікке қарай 200 шақырым жерде орналасқан Киндалупе елді мекенінде демалып жүрген. 30 қаңтарда түстен кейін қатты жел олардың үрлемелі SUP-тақталарын және қайығын Географ шығанағынан ашық теңізге қарай әкеткен.
13 жасар бала алдымен қайықпен жағаға жетіп, көмек шақырмақ болған. Бірақ каяк суға толып кеткен соң, ол теңізде 4 сағат бойы жүзіп, құрлыққа әрең жеткен. Ол жағаға шыққан соң бірден көмек іздеуге жүгіргенін айтады.
"Өз-өзіме “Жоқ, бүгін емес, бүгін емес” деп қайта-қайта айтып отырдым. Тек аман қалу үшін брасс әдісімен, еркін стильде және арқамен жүздім. Жағаның түбіне соғылып, құлап қалдым, содан кейін телефон бар жерге жету үшін тағы 2 шақырым жүгірдім", – деді жасөспірім.
Жұма күні кешкі сағат 18:00-де Батыс Австралия полициясына теңізге отбасыны алып кеткені туралы хабар түскен. Осыдан кейін ауқымды іздеу-құтқару операциясы басталып, оған су полициясы, ерікті теңіз құтқарушылары және құтқару тікұшағы қатысқан. Кешкі 20:30-да тікұшақ теңізде SUP-тақтаға жабысып отырған 47 жастағы әйелді, 12 жастағы ұлды және 8 жастағы қызды байқайды. Олардың тұрған жеріне ерікті құтқарушылардың кемесі жіберіліп, үшеуі де аман-есен құтқарылған.
Ерікті теңіз құтқарушылар тобының жетекшісі Пол Бресландтың айтуынша, отбасы жағаға дейін шамамен 14 шақырым қашықтықта болған және бірнеше сағат бойы қатты толқында ары-бері шайқалған.
Сондай-ақ ол 13 жасар баланың қайық пен SUP-тақталардың түстерін нақты сипаттап бергенін, бұл іздеу жұмыстары үшін аса маңызды болғанын атап өтті. Баланың екі сағат бойы құтқару жилетімен, ал кейін оны шешіп, тағы екі сағат жүзгені де айтылды. Сент-Джон жедел жәрдем қызметінің парамедиктері отбасын тексеріп, кейін оларды Басселтон медициналық орталығына жеткізген. Полиция өкілі бұл жағдайды ерекше құтқару оқиғасы деп атап, жасөспірімнің батылдығына жоғары баға берген.
Полиция инспекторы Джеймс Брэдли құтқару операциясына қатысқан барлық адамдарға алғысын білдіріп, мұхиттағы жағдайдың өте тез өзгеретінін еске салды.
"Абырой болғанда, теңізде қалған үш адамның да үстінде құтқару жилеттері болды. Осылайша, бұл олардың тірі қалуына көмектесті. Ал 13 жасар баланың әрекеті ең жоғары бағаға лайық. Оның табандылығы мен батылдығы анасы мен бауырларының өмірін сақтап қалды", –деді полиция инспекторы.
Еске салайық, бұған дейін Түркияда күзетші әйелді ажалдан аман алып қалғанын жазған едік. Оқиға Түркияның Кайсери қаласында болған. Күзетшінің қырағылығы бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Kayseri Transportation компаниясы жариялаған видеодан құлаққап таққан әйелдің жақындап қалған трамвайды байқамай трамвай жолына шығып бара жатқанын байқауға болады. Сол сәтте жанында тұрған күзетші дереу әрекет етіп, әйелді тоқтатып үлгерген.
Танымал продюсер еңбек өтілін дәлелдей алмағандықтан зейнетке шыға алмай жүр