Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жас әйелдің донорын егде жастағы әйелге салады": Қазақстандық ғалым "Үш ата-анасы бар бала" әдісін елімізге енгізгісі келеді

Ғалым Шухрат Миталипов өзінің "Үш ата-анасы бар бала" әдісі жұмыртқа жасушаларының қартаюына байланысты бедеулігі бар әйелдердің жүкті болуына көмектесетінін атап өтті. Қазақстанда ол жергілікті мамандармен бірлесіп, осы әдісті енгізу бағытында жұмыс істеп жатыр. Дәрігер бұл әдіс тұқым қуалайтын ауруларды емдеуге көмектесетінін, бірақ оны адамның сыртқы келбетін немесе интеллектісін өзгерту үшін қолдануға болмайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Время" басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: “Время” басылымы / Шухрат Миталипов

"Үш ата-анасы бар бала" деген сөз қайдан шықты?

Шухрат Миталипов – Орегон денсаулық және ғылым университетінің профессоры, генетикалық зерттеулер саласында танымал ғалым. Ол адам эмбриондарын генетикалық модификациялау әдісін әзірлеген. Алайда Қытайда бір ғалым осы әдісті заңсыз қолданып, эмбриондардың генін өзгерту арқылы оларды ВИЧ-ке төзімді етуге тырысты. Бұл әрекет халықаралық жанжалға ұласып, қытайлық ғалым үш жылға сотталды. Осы оқиғадан кейін Қытайда адам эмбриондарымен кез келген генетикалық тәжірибелерге тыйым салынды.

Шухрат Мұзапарович Миталипов Алматы облысы, Ават ауылының тумасы. Қазір эмбрионды жасушалар және ген терапиясы орталығының жетекшісі. Ғылым докторы жылына екі рет Қазақстанға келіп, профессор Вячеслав Локшинмен бірге әйелдердің жұмыртқа жасушаларын жасарту жобасын жүзеге асырып жатыр.

Ғалымның айтуынша, бұл әдіс бала көтере алмай жүрген, жасы 40-қа таяған немесе одан асқан әйелдерге көмектеседі. Олардың бедеулігі, әдетте, жасушалардың қартаюымен байланысты. Мұндай жұптар бірнеше рет ЭКО жасап көреді, бірақ нәтиже болмайды. Соңында кейбірі үмітін үзсе, кейбірі донорлық жұмыртқа жасушасын қолдануға мәжбүр болады. Бірақ көп әйел өз генін бергенді қалайды.

"Біздің әдіс бойынша жас донор әйелдің жұмыртқа жасушасынан цитоплазманы (жасуша ішіндегі орта) алып, оны бала көтере алмай жүрген әйелдің жұмыртқа жасушасының ядросымен біріктіреміз. Нәтижесінде бұл жаңа жасуша донордан тек цитоплазманы алады, ал негізгі ДНҚ туған ана мен әкеден қалады. Осылайша табиғи жолмен ұрықтандыру мүмкіндігі артады. "Үш ата-анасы бар бала" деген сөз қайдан шықты? Басылымдар бұл әдісті "үш ата-анасы бар бала" деп атағанымен, іс жүзінде бала тек екі ата-анасынан ДНҚ алады. Донордан тек "жасушаға қуат беретін батарея" (митохондрия) ғана келеді. Бұл әдіс – таза медициналық шешім, яғни тұқым қуалайтын ауруларды болдырмау үшін жасалады", – деді дәрігер.

Дәрігер көпшіліктің "Қазақстанға келіп, ақша табайын деп жүр" деп ойлауы мүмкін екенін атап өтті. Ол бұл пікірге қарсы шығып, табыс көзі емес екенін алға тартты.

"Бұл бизнес емес, себебі зертханамыз мұндай жобаларға көп қаражат құяды. Қазақстанға өз есебімізден келеміз, қымбат медициналық жабдықтар мен микроскоптар алып келеміз. Бұған қоса, процедура үшін арнайы реагенттерді қолданамыз, олар Қазақстанда жоқ.

Ғылыми тұрғыдан бұл әдісті біз жан-жақты зерттедік:

  • Алдымен, тышқандар мен маймылдарға сынақ жасадық.
  • Грецияда алғашқы клиникалық сынақтардан өткіздік.
  • Қазір бұл әдіс арқылы дүниеге келген жүздеген бала бар.
  • Алғашқы бала осыдан 7-8 жыл бұрын туған.

Енді бұл тәжірибені кеңейтіп, басқа елдерде қолдану керек. Сол үшін әртүрлі мемлекеттерге барып, әріптестерімізді бөлісіп жүрміз", – деп түсіндірді ғалым.

“Бедеулігі бар 25 отбасыны таптық”

Ғалым өзінің әдісін қытайлық ғалымның қолданғанын, соңында ол ғалым сотталғанын айтты. Шухрат Миталипов әдісін одан рұқсатынсыз алғанын және АҚШ-та осыған қатысты үлкен шу болғанын еске салды.

"Бірінші бала жартылай заңсыз дүниеге келді, оны мен жасамадым, өзім тікелей қатысқан жоқпын. "Мен оны жасамадым" деген қызық естіледі ғой" деп күлдім. Бұл – АҚШ-та үлкен шу болған оқиға. Біз ғылыми мақалалар жариялаймыз, әдісті егжей-тегжейлі сипаттаймыз. Барлық ақпарат ашық қолжетімді. Нью-Йорктегі бір ЭКО орталығы біздің рұқсатымызсыз және тиісті органдардың келісімінсіз әдісті пациенттерге ұсыныпты. Клиника процесті АҚШ-та жүргізу қауіпті екенін түсініп, процедураны Мексикада жасаған. Бәрі сәтті өткен. Олар бұл туралы үлкен жарнама жасап, нәтижесінде FDA (АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмекті бақылау басқармасы) тарапынан қатаң ескерту алды. Қытайлықтар өзін "Біз оны АҚШ-та емес, Мексикада жасадық" деп ақтауға тырысқан. Бірақ айырмашылығы қандай? Айды бетке алып жасаса да, заң бұзылды. Адамдар ЭКО үшін ақша төледі, ал туған баланың жағдайын ешбір ғалым бақылаған жоқ. Бұл – таза бизнес, ал мұндай әдістен табыс табудан бұрын клиникалық сынақтар өткізу керек. Олар мүлде басқа қағидаларға сүйенген", – деді Шухрат Миталипов.

Шухрат Миталипов өзінің бұдан алты жыл бұрын бала жасағанын айтты.

"Алты жыл бұрын алғаш рет баланы Афинада, Грекияда клиникалық зерттеулер кезінде жасадық. Үкіметтің рұқсатын алып, бедеулігі бар 25 отбасыны таптық (олардың артында 170 сәтсіз ЭКО әрекеті тұрды). Соның ішінде алты бала дүниеге келді. Бұл – бұрынғы нөлдік көрсеткішпен салыстырғанда 25% тиімді деген сөз. Балалардың дамуын бақылап, жақында осы зерттеу нәтижелері туралы ғылыми мақала жарияладық”, – деді дәрігер.

Профессор Шухрат Миталипов Нью-Йорктегі клиника жанжалынан кейін өзіне айыптар тағылғанын айтты. Оған зерттеу әдісін жариялағаны үшін біреулердің оны рұқсатсыз қолданғаны туралы сын айтылды. Алайда ол зерттеулерін мемлекеттік қаржыландырумен жүргізетіндіктен нәтижелерін құпия ұстай алмайтынын түсіндірді. Жеке клиникалар пайда табу мақсатында жұмыс істейтіндіктен, оларды бақылау мүмкін емес екенін атап өтті.

Сонымен бірге әлемде Үндістан, Кипр, Шығыс Еуропа елдерінде осындай клиникалар бар екенін, бірақ олардың көбі тек ақша табумен айналысып, адамдарды алдайтынын айтты. Бұл әдіс өте күрделі және қымбат болғандықтан арнайы реагенттер мен микроскоптар қажет екенін ескертті. 

Сондықтан бұл әдісті мүмкіндігінше көп елде, соның ішінде Қазақстанда заңдастыру қажет екенін атап өтті. Қазір Ұлыбритания, Аустралия, Жаңа Зеландия сияқты елдерде бұл әдіс қолданылып жатыр. Шухрат Миталипов гендерді редакциялау әдісін жеті-сегіз жыл бұрын ашқанда әлемде үлкен қызығушылық тудырғанын жеткізді.

“Қытайлық ғалым эксперименттік әдісті сақтамады”

Қытайлық ғалым Хэ Цзянькуйдің эмбриондардың гендерін заңсыз өзгертуі үлкен жанжалға себеп болды. Нәтижесінде бұл тақырыпқа негативті көзқарас күшейіп, зерттеулерге бақылау қатаңдатылды, жаңа жобаларға қаржыландыру алу қиындады. Хэ Цзянькуй АҚШ-та білім алған, оның ғылыми жетекшілері америкалық ғалымдар болған. Миталипов онымен ешқашан кездеспегенін және оның эксперименттері туралы алдын ала білмегенін атап өтті.

"Иә, менің әдісімді қолданды. Бірақ ол оны қалай қолданды? Эксперименттік әдісті сақтамай, бақылаусыз, бүкіл әлемге жариялап жіберді. Сол жанжал кезінде мені Федералдық тергеу бюросы шақырып, бұл адаммен таныс екенімді, оған көмектескен-көмектеспегенімді сұрады. Сөйтсек, ол Қытай ғалымы АҚШ-та оқыған екен, оның ғылыми жетекшілері америкалық ғалымдар екен. Жетекшілерін де тергеген. Бірақ, шүкір, мен онымен ешқашан кездеспегенмін. Бұған қарамастан менен "Оның осындай эксперимент жасағалы жатқанын білдің бе?" деп сұрады. Қайдан білейін?" – деді ғалым Шухрат Миталипов.

Шухрат Миталиповтың дерегіне сенсек, қазір әлемде осындай зертханалардан бірнешеуі қалды. Оның айтуынша, гендерді редакциялаумен айналысып, бұл әдісті жетілдіруге тырысып жатыр. Ғалым бұл әдіс қазіргі ЭКО сияқты кеңінен қолданатын деңгейге жетуі мүмкін екенін жасырмады.

"Бәрі мүмкін. Мұнда этикалық жағы өте маңызды. Біз не нәрсені коррекциялай алатынымызды, ал нені өзгертуге болмайтынын нақты анықтап алуымыз керек. Қатерлі ауруларды түзетуге, екіншіден дүниеге келмеген баланың сыртқы келбеті немесе интеллектіне әсер ету қиын екенін түсінуіміз қажет. Соңғысына қатаң тыйым салынуға тиіс. Өз басым бұл ойды қолдаймын. Ал қалғанына келсек... Неге болмасқа?”, – деді ғалым.

Профессор Шухрат Миталипов Нобель сыйлығын алу ықтималдығы туралы сұраққа зерттеулері эмбриондардың генетикалық модификациясына қатысты болғандықтан, Нобель комитеті мұндай жұмысты қолдай қоймайтынын айтты. Сондықтан ол бұл сыйлықты алу мүмкіндігін төмен деп есептейді. 

"Ол маған не береді? Ақша ма? Медаль ма? Бұлардың ешқайсысы мені аса қызықтырмайды. Ең бастысы – зерттеулерімді аяқтап үлгеру. Сағат тықылдап жатыр ғой. Болашақта бұл жаңалықтар қартаю процесіне әсер етіп, адамдардың өмірін жақсартуы мүмкін. Сол кезде, бәлкім, менің еңбегім лайық бағасын алар", – деп түсіндірді ғалым Шухрат Миталипов.

Айта кетейік, Шухрат Миталипов – әйгілі ғалым, генетик және эмбриолог, негізінен жасушалық және репродуктивтік биология саласында жұмыс істейді. Ол митохондриялық ауыстыру терапиясы (MRT) және CRISPR-Cas9 технологиясы арқылы адам эмбриондарын генетикалық редакциялау бойынша жаңалықтарымен танымал.

2013 жылы Миталипов және оның тобы "Үш ата-анасы бар бала" әдісін митохондриялық ДНҚ-сы ақаулы әйелдерден дені сау балаларды дүниеге әкелуге көмектесетін митохондриялық алмастыру терапиясын (MRT) сәтті сынақтан өткізді. Бұл әдіспен бала үш адамның генетикалық материалын алады:

  • Ядролық ДНҚ – анасы мен әкесінен
  • Митохондриялық ДНҚ – сау донор әйелден.

Бұл әдіс митохондриялық ауруларды емдеуде төңкеріс жасады. 2017 жылы Миталипов тобы АҚШ-та алғаш рет CRISPR технологиясын қолданып адам эмбриондарындағы генетикалық мутацияны түзетті.



Еске салайық, бұған дейін әйел ЭКО дәрігерлерінің қателігінен бөтен біреудің баласын дүниеге әкелгенін жаздық. АҚШ тұрғыны репродуктивті медицина клиникасына қарсы шағым түсіріп, экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) процедурасынан кейін өз баласының орнына бөтен баланы босанғанын мәлімдеді. Кристена Мюррей екі жыл бұрын ЭКО арқылы жүкті болған. Алайда дәрігерлердің қателігі туралы тек босанғаннан кейін ғана білген. Әйел 2023 жылдың желтоқсанында ұл баланы дүниеге әкеліп, бірден оның өзінің биологиялық ұлы емес екенін түсінген. Өйткені баланың терісі қара түсті, ал Мюррейдің өзі мен сперма донорының терісі ақ түсті болған. Әйел ДНҚ тестін өткізіп, баланың өзінің биологиялық ұлы емес екенін анықтады. Кейінірек дәрігерлердің қателікпен басқа пациенттің эмбрионын оның жатырында ұрықтандырғаны белгілі болды. Мюррей баланы өз тәрбиесінде қалдырып, өзі өсіруге шешім қабылдапты.

Талқылау