Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жасы 18-ден асып, жүргізуші куәлігі болуы керек: Қазақстанда самокат жүргізушілеріне жазда қандай шектеулер енгізіледі

алматы самокат Stan.kzФото: Stan.kz

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда электрсамокаттарды пайдалану тәртібі қатаңдайды. Жаңа талаптарға сәйкес, жалға берілетін самокаттарға міндетті сақтандыру мен тіркеу нөмірі енгізіліп, тротуармен жүруге тыйым салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда электрсамокаттарды пайдалану ережелері өзгереді. Алматы қаласының полиция департаменті жаңа талаптардың кімдерге қатысты болатынын және қай жерлерде жүруге тыйым салынатынын түсіндірді. Көктем басталысымен ірі қалаларда, әсіресе Алматыда электрсамокат маусымы қыза түседі. Алайда былтыр тротуарлардың қауіпсіздігі, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі және жол-көлік оқиғаларының көбеюі қоғамда үлкен талқылау тудырған еді.

Қыс мезгілінде ішкі істер министрлігі мәселені қайта қарап, заңнамаға түзетулер енгізді. Сонымен қатар мәжіліс құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша заңға өзгерістерді екінші оқылымда мақұлдады. Енді жалға берілетін электрсамокаттар азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруды және тіркеу нөмірін талап ететін көлік құралдары санатына енгізілді.

Полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың көктемінде электрсамокат пайдаланушылары үшін елеулі өзгерістер болмайды. Қолданыстағы талаптар сақталады:

  • велосипед жолдары мен жолақтарымен жүру басымдықта;
  • олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ жиегімен немесе автобус жолағымен жүру (18 жастан бастап және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болғанда);
  • жол жиегімен жүру;
  • тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен, жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей қозғалу.

1 шілдеден бастап не өзгереді?

2026 жылғы 1 шілдеден бастап "Жол жүрісі туралы" заңның 28-бабы 3-тармағы күшіне енеді. Өзгерістер жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жалға беретін электрсамокаттарға қатысты. Кикшеринг компанияларына қойылатын талаптар:

  • Самокаттардың техникалық жағдайын тұрақты тексеру, ақаулы құралдарды пайдаланудан дереу шығару.
  • Жалға алушының жеке басын және жүргізуші куәлігінің бар-жоғын растау.
  • Айыппұлдар мен құқықтық салдар жөнінде алдын ала хабарлау.
  • Жылдамдықты, орналасқан жерді тіркейтін, шектеулі аймақтарда автоматты түрде жылдамдықты төмендететін жүйелер орнату.
  • Самокаттарды жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтіретін жерлерде қалдырмау.
  • Әр самокатқа азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру рәсімдеу.
  • Әрбір жалға берілетін самокатта мемлекеттік тіркеу нөмірі болуға тиіс.

Кімдерге жалға беруге тыйым салынады?

  • 18 жасқа толмағандарға;
  • жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға;
  • көлік басқару құқығынан айырылған тұлғаларға.

Маңыздысы жүргізуші куәлігі жолдың жүру бөлігіне шығу-шықпауына қарамастан міндетті болады. Қазір ІІМ-нің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығымен бекітілген ережеге сәйкес, тротуармен сағатына 6 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Алайда жаңа түзетулерге сәйкес, 1 шілдеден бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады.

Тек арнайы белгіленген "ортақ қозғалыс аймақтарында" ғана:

  • жылдамдығы сағатына 6 шақырымға дейін шектеледі;
  • жаяу жүргіншіге басымдық беріледі.

Ал велосипедтер мен қуаты шектеулі шағын электркөлік құралдарына тротуармен жүруге рұқсат сақталады. Алматы әкімдігі вело және самокат инфрақұрылымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Алдын ала дерек бойынша, қалада қосымша 80-88 шақырым жаңа веложол салу көзделген.

Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдулдиновтың айтуынша, 2025 жылы Алматыда электрсамокаттардың қатысуымен 386 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 400-ден астам адам жарақат алып, бір адам қаза тапқан. 24 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылып, 10 мыңнан аса самокат арнайы тұрақтарға қойылған.

"Электрсамокаттар көлік ағынының бір бөлігіне айналды. Сондықтан оларға қойылатын талаптар да басқа қатысушыларға қойылатын талаптармен бірдей әрі міндетті болуы тиіс", – деді Айдын Қабдулдинов.

Полиция өкілдерінің айтуынша, заңнаманы қатаңдату апат санын азайтып, жолдағы тәртіпті күшейтуге бағытталған шара.



Еске салайық, бұған дейін 2024 жылы Алматыда 16 жастағы Мақпалды жеке электросамокат қағып кеткен. Жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен, бейнебақылау камерасы болмаған. Алғашында қолына гипс салынғанымен, кейін саусақтары кері қайырылып, білек пен шынтақ буындары қисайып, қолы өзіне бағынбай дірілдей бастаған. Оң қолы қалпына келгенімен, сол қолы әлі қатты ауырып, діріл сақталған. Түркия дәрігерлері оған жарақат салдарынан дамыған симпатикалық рефлекторлық дистрофия диагнозын қойған. Қолдың толық семіп кетуінің алдын алу үшін нейростимулятор орнату қажет, оның құны – 18,5 млн теңге.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 26 Ақпан, 2026 14:57