Жасанды интеллектінің енуімен қандай жұмыс орындары қысқарады
Фото: freepik.com
Ірі компания басшылары жасанды интеллект қандай мамандарды жұмыссыз қалдыруы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Telegram-дағы Deutsche Welle арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Amazon компаниясының бас директоры Энди Джасси жасанды интеллект қызметкерлерді алмастыра бастағанда компания жұмыс орындарын қысқартатынын және жасанды интеллектіні енгізу жұмыс орындарына әсер ететінін айтты.
Бұған дейінгі технологиялық серпілістерде, мысалы, зауыт жұмысшыларын роботтар алмастырған кезде, негізінен біліктілігі төмен жұмыскерлер мен "көк жағалылар" ұтылған. Жасанды интеллектінің енуі жоғары білімділер мен "ақ жағалыларға" әсер етеді деп болжанып отыр. АҚШ-та жүргізілген зерттеу веб-әзірлеушілер сияқты ақпарат жинаумен және деректерді талдаумен айналысатын кәсіп иелеріне, техникалық құжаттар әзірлеушілер мен бухгалтерлерге жұмыссыз қалу қаупі төніп тұрғанын көрсеткен.
Осы тұрғыдан алғанда құрылысшылар, бала күтушілері немесе өрт сөндірушілер сияқты қол еңбегін кеңінен қолданатын және автоматтандыру оңайға соқпайтын сала мамандарына қауіп төне қоймайды.
Еңбек нарығының сарапшысы Энцо Вебер DW-ге жасанды интеллект саласындағы жетістіктер көп мүмкіндік беретінін және жұмыссыздықты тудырудан гөрі көмектесетінін атап өткен.
"Жасанды интеллект жұмыс орындарын алмастырады, бірақ ол оларды жоймайды", – дейді Вебер.
Гарвард экономистері де осы пікірде, олардың айтуынша, жеке тапсырмаларды автоматтандыру "міндетті түрде" жұмыс орындарының қысқаруына әкеп соқтырмайды және экономиканың кейбір секторларында жаңа жұмыс орындарын құруы мүмкін. Халықаралық валюта қоры зерттеуі жасанды интеллектінің енгізілуі технология дамыған елдердегі жұмыс орындарының 60%-ына әсер етуі мүмкін деп болжайды –шамамен жартысы теріс, жартысы оң әсер етеді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
