Қазақстанда жасанды интеллекті білім беру саласына қалай енгізіледі: Маман жауап берді
Фото: Stan.kz/ChatGpt арқылы жасалды
Оқу-ағарту министрлігі 2025-2026 оқу жылында білім беру саласында жасанды интеллект енгізілетінін хабарлаған еді. Осыған орай Stan.kz жасанды зияттың оқу процесіне қандай бағытта енгізіліп жатқанын, оның білім саласына қандай өзгеріс әкелуі мүмкін екенін маманнан сұрап білді.
Жасанды интеллект мектептерге қалай енгізіліп жатыр?
Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы Аида Абильакимованың айтуынша, елімізде Жасанды зият мектептегі оқу жүйесіне кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
“Бұл жұмыс алдағы 6 жылға арналған білімді цифрландыру және Жасанды интеллект дамыту тұжырымдамаларына сай жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар, мектепке дейінгі, орта және техникалық білімді дамытудың мемлекеттік құжаттарында да Жасанды зиятты енгізу мәселесі бекітілген. Биыл 23 қаңтарда жалпы орта білім беру деңгейлері стандартына өзгерістер енгізілді. Түзетілген ережелер Жасанды зият элементтерін, құзыреттілікке негізделген тәсілді және STEM-бағыттарын енгізуді көздейді. Бұл ЖИ-ді мектептегі оқыту деңгейлеріне ретті түрде енгізуге мүмкіндік береді”, – дейді Аида Абильакимова.
Сондай-ақ бас сарапшы Жасанды интеллектке қатысты негізгі құжаттар әзірленіп, педагогтерге ұсынылғанын айтты.
“Осы бағытта біз “Жасанды интеллектіні орта білім жүйесінде қолданудың этикалық стандарттары”, “Жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізудің әдістемелік ұсынымдары” және “Академиялық адалдықты сақтау ережелері” сияқты негізгі құжаттарды әзірледік. Олар қазір педагогтерге ұсынылып, мектептерде қолданылып жатыр”, – дейді Аида Абильакимова.
Аида Абильакимованың айтуынша, Жасанды интеллект жеке пән ретінде енгізілмейді. Бірақ оның мазмұны 1-сыныптан бастап біртіндеп оқытылады.
“Цифрлық сауаттылық” және 5–11-сыныптарға арналған “Информатика” пәндерінің мазмұнына Жасанды интеллект тақырыптары енгізілді. Бұл жұмыс оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеріп, жүргізіліп жатыр. Мәселен, бастауышта қарапайым түсініктер, орта буында құралдарды пайдалану, жоғары сыныптарда жобалық жұмыс пен сыни талдау тақырыптары оқытылады. Пән мазмұнын кеңейту барысында сыни ойлау, этика, ақпараттық қауіпсіздік және жауапты технологияны қолдану мәдениетін дамытуға басымдық беріліп жатыр. Бастауыш сынып оқушыларына жасанды зият туралы түсінік қарапайым дидактикалық материалдар көмегімен беріледі. Негізгі сыныптарда деректерді өңдеу, ақпаратпен жұмыс жасау және киберқауіпсіздікке қатысты дағдылар қалыптастырылады. Жоғары буында оқушылар чат-бот құрастыру, деректер визуализациясы және этикалық кейстерді талқылау сияқты жобалық тапсырмалармен айналысады”, – дейді Аида Абильакимова.
Мұғалімдерге Жасанды зиятпен жұмыс істеуді үйрететін курстар бар ма?
Аида Абильакимованың сөзінше, мұғалімдерге “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы арқылы арнайы курстар ұсынылып жатыр.
“Ол курстардың ішінде промпт-инжиниринг бойынша сабақтар бар. Мұғалімдер бұл арқылы Жасанды интеллект құралдарына дұрыс тапсырма беріп, сапалы нәтиже алуды үйренеді. Мұндай дайындық педагогтерге мәтіндік көмекшілерді ғана емес, сурет, презентация, бейнематериал, бағалау және деректерді талдауға арналған Жасанды интеллект құралдарды да тиімді қолдануға мүмкіндік береді”, – дейді Аида Абильакимова.
Аида Абильакимованың айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі тарапынан мұғалімдерге арнайы әдістемелік нұсқаулық берілді. Ол педагогтерге Жасанды интеллектіні сабақ барысында дұрыс қолдануға көмектеседі.
“Оқу-ағарту министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 2025 оқу жылына арналған әдістемелік нұсқаулыққа арнайы бөлім қосты. Бұл бөлім мұғалімдерге жасанды интеллектіні сабақ барысында қалай дұрыс қолдану керегін түсіндіреді. Сонымен бірге, нақты мысалдар мен сабақта қолдануға болатын тәсілдер көрсетілген әдістемелік ұсынымдар дайындалып, мектептерге жіберілді. Енді педагогтер оларды тәжірибеде бірден қолдана алады”, – дейді Аида Абильакимова.
Жасанды интеллект алдағы 5 жылда
Аида Абильакимова алдағы 5 жылда Жасанды интеллект мектептегі күнделікті сабақ пен бағалауда қалыпты құралға айналады.
“Мұғалімдер оны көмекші құрал ретінде қолданып, оқушылармен жеке жұмыс істеуді жеңілдетеді. Ал оқушылар өз оқуын бақылап, қателерінен сабақ алуға мүмкіндік алады. Сабақтарда деректер мен мысалдарға негізделген талдау көбірек орын алады. Оқу материалы оқушының деңгейіне қарай бейімделеді”, – дейді Аида Абильакимова.
Сондай-ақ Аида Абильакимова Жасанды интеллектіні пайдаланғысы келетін мұғалімдерге кеңес берді:
– Жасанды интеллектіні мақсатсыз емес, педагогикалық нәтиже үшін қолданыңыз;
– Әр құралдың шектеуін және этикасын біліңіз;
– Сабақта Жасанды интеллектіні оқушының шығармашылығын дамыту құралы ретінде пайдаланыңыз;
– Өз іс-тәжірибеңізге сүйеніп, құралдарды бейімдеңіз.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді