Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

15 жылдан кейін министрлер мен әкімдерді жасанды интеллектпен алмастырсақ, қатты қуанар едім – Депутат

Фото: pixabay.com

Мәжілісте "Жасанды интеллект туралы" заң жобасын талқылау барысында депутат Екатерина Смышляева кейбір мамандықтар жойылып, жаңа мамандықтар кейбір мамандықтарды ауыстырудың тәуекелдері туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Жасанды интеллект келіп, барлық мамандықтың орнын басады деп күту... Журналист әріптестер "Жасанды интеллект депутаттарды алмастырады деп қорықпайсыз ба?" деп сұрағанды ұнатады. Негізінде шығармашылық мамандықтар интеллектуалды тұрғыдан алғанда күрделі келеді – қазір дамып келе жатқан үлгілер оларға жету үшін әлі талай белестерді бағындыруы керек. Үлгіні дамыту үшін жоғары сапалы, сенімді деректер қажет, олардың көлемі өте үлкен әрі оқыту сенімді болуы керек", - дейді Екатерина Смышляева.

Ол көптеген ақыл-ой операциясы жасанды интеллект үлгілері үшін әлі қол жетімсіз екенін алға тартты.

"Ал заң шығару тұрғысынан алғанда машина оқи алатын заң қолжетімсіз. Біздің заңдар алгоритмді емес", - деп сендірді ол.

Ал депутат Бақытжан Базарбек заң жобасын талқылау барысында жасанды интеллект министрлер мен әкімдерді алмастырса қуанатынын айтып, шенеуніктерді сынмен түйреп өтті.

“Мен жасанды интеллектіні қолдаймын. Мемлекеттік аппараттың тым құрығанда 30 пайызын жасанды интеллект алмастырса, қуанар едім. Ал егер 15-30 жылдан кейін министрлер мен әкімдерді жасанды интеллектпен алмастырсақ, қатты қуанар едім”, – дейді депутат.

Еске салсақ, бүгін Мәжілісте жасанды интеллектке қатысты жаңа заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын таныстырған депутат Екатерина Смышляеваның сөзінше, қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Енді жасанды интеллект жүйелері тәуекел деңгейіне қарай жіктеледі – ең төменгіден бастап ең жоғарыға дейін. 

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 14 Мамыр, 2025 16:48
Талқылау