Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Жас ұрпақты экологиялық ахуал алаңдатады»: Қазақстандық дарынды оқушылар ауадан су бөліп, Марсты колонизациялаудың тәсілдерін ұсынды

Бүгінде экология мәселелері ересектерді ғана емес, балалардың да алаңдатушылығын тудырып отыр. Осы орайда еліміздің ертеңіне бейжай қарамайтын дарынды оқушылары осы бір мәселелерді шешудің тиімді әдіс-тәсілдерін Eco Network экобайқауында ұсынды. Олардың арасында ең үздіктері жобаларын әрі қарай жалғастыру үшін қаржылай марапатқа ие болды.

Байқау барысында Қазақстанның 5 қаласынан алдын ала 45 жоба жиналып, оның ішінен 12 жоба іріктеуден өткен. Мұнда жарамсыз қағаздар мен киімдерді қайта өңдеуден бастап, ауадан су жасау, Марста көкөніс өсіру, қалдықтардан метан бөліп шығару сынды ерекше жобалар болды. Қазылар алқасы олардың арасынан экологияға зияны аз, біздің ел үшін пайдасы жоғары үш жобаны таңдап, оларға қаржылай сыйлық табыстады.

Фестивальде бірінші орын алған Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Пәкжан Ниязбек ауадан суды бөліп шығару құрылғысын ойлап тапқан. Оның айтуынша, бұл құрылғы әлемдегі таза судың жетіспеушілігі, таптық бөлініс сынды негізгі проблемаларды шешуге себеп болады. 

"Менің жобам Water From Air деп аталады. Жыл сайын әлемде 3 миллионға жуық адам ішуге жарамды судың жоқтығынан және судың сапасы нашар болғаны салдарынан қайтыс болады. Сонымен қатар, әлемде 2 миллиардқа жуық адам ішуге жарамды судың жетіспеуінен зардап шегіп отыр. Жер шарында адам саны көбейген сайын бұл мәселе де күшейе береді. Бұл проблема біздің елімізде де бар. Әсіресе ауыл-аймақтардағы халық өз үйлерінен алыс жерге барып, кезекке тұрып, бөшкемен су тасуға мәжбүр. Ауылдарға барып осы жағдайды көргенде, мен бей-жай қарап отыра алмай осы жобаны бастаймын деп шештім. Менің құрылғым аты айтып тұрғандай атмосферадан ылғал жинап, одан суды бөліп ала алады. Және оны фильтрден өткізіп, ішуге жарамды етеді. Бұл құрылғыны жасауға тек экологиялық таза өнімдер қолданылды. Ағаш, полиестр тор және биопластик қана керек. Мұның бәрі өте арзан өнімдер, сондықтан құрылғыны кез келген адам жасай алады", - дейді Пәкжан Ниязбек.

Фестиваль ұйымдастырушы ECO Network компаниясының жетекшісі Евгений Мұхамедженов  мұндай шараларды әсіресе балаларға арнап ұйымдастыру маңызды деп есептейді.

"Біздің мамандардың зерттеуі бойынша эко қауіпсіздік туралы естіген 10 ересек адамның біреуі осы идеяны ұстанатын болса, тура сол мәліметті естіген 10 баланың 3-4-і белсенді болады. Сондықтан балаларға эко белсенді болуды үйреткен дұрыс. Оның үстіне олар бәрін тез қабылдап алады және осы мәселеге назар аударып, зерделеуге уақыттары да жеткілікті. Ересектер Қазақстанда экологияны сақтауға болады дегенге күмәнмен қарайды. Ал балаларда сенім көбірек, олар әлі де ертегіге сенеді ғой. Қазір осы жобалар арқылы да аңғарсаңыз жас ұрпақты экологиялық ахуал алаңдатады", - дейді Евгений Мұхамеджанов.

Байқауда технологиялық жобалардан бөлек, маркетинг жобалары да ұсынылған. Солардың бірі әрі фестивальде 2-орынға ие болған Алматы қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары таныстырған Rebeco жобасы. 

"Бұл жоба екі бірдей проблеманы шеше алады: ауаның ластануы және қайта өңдеу мәселесі. Қазір сән үлгілері жиі ауысып отыратын заман. Соның әсерінен киім өндірісі күшейіп келеді. Алайда сән өзгергенде ескі киімдер қоқысқа кетіп, қоршаған ортаны ластайды. Қазір Азия, Еуропа елдерінен жиналған қоқыс киімдер Чилиге қайта өңдеуге жіберіледі. Бірақ олар оның барлығын өңдеп шыға алмай отыр. Соның әсерінен қоқыс Атакама шөлін ластайды. Біз бұл мәселені шешу үшін ескі киімдерді жинап, олардан жаңа зат жасаймыз. Мысалы, сөмке, жастық деген заттарды жасап, оларды мектептегі жәрмеңкеде сатып, түскен ақшаға көшеттер сатып алып, ағаш отырғызамыз. Бірақ қазір бұл тек біздің мектепте ғана жасалып жатқан жұмыс. Осындай фестивальдер арқылы, әлеуметтік желі арқылы жоба туралы көбірек адамға айтып, басқа қалаларда да осы жұмысты қолға алғымыз келеді", - дейді жоба авторларының бірі Салтанат Қалиева. 

Жалпы фестиваль барысында жасөспірімдердің көп бөлігін қайта өңдеу мәселесі алаңдататынын аңғардық. Олар киім, қағаз, пластик өнімдерді қайта өңдеу және әр адамның "Көміртек ізін" қалдыруы туралы мәселелерді жиі қозғады. "Көміртек ізі" сіз қолданған электр энергиясы мен көлік отындары және басқа да қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін әсері. Жобаны қолдаған Jusan Bank те өздерінің "Көміртек ізін" зерттеп көріп, оны қысқартудың жолдарын іздеген.

"Биыл алғаш рет Jusan Bank-те өзіміздің әлеуметтік экологиялық жағдайды жақсартуға қандай жұмыс істеп жатқанымызға қатысты өткен 2021 жылдың есебін жасап көрдік. Оның аясында алғаш рет банктің "Көміртек ізін" зерттедік. Сонымен қатар осы ECO Network компаниясымен кеңесіп, банк кеңселерінде қалдықтарды бөліп жинап, оларды қайта өңдеуге өткізе бастадық. Қазір елімізде қоқыс полигондары толып қалған, олар әлемдік эко стандарттарға сай емес. Ал Қазақстан Париж келісіміне қол қойған және 2060 жылға қарай елімізде көміртек қалдықтарын тастамайтын жағдайға жетуіміз керек. Сондықтан біз қазақстандық компания ретінде осы деңгейге жетуге өз үлесіміз қосып, жасыл банкке айналғымыз келеді. Одан бөлек, өзіміздің серіктестеріміздің де әлеуметтік экологиялық жауапкершілігіне, жұмысшыларға көрсететін қарым-қатынастарына, қоршаған ортаны ластамауына мән бере бастадық", - дейді Jusan Bank-тің PR директоры Гаухар Керімова. 

Ол жасыл экономикаға қатысты білім беру жобалар қолдаудың маңызы зор екенін айта кетті. Бұған қоса балалардың жасаған жұмыстары болашақта елдегі өмір сүру жағдайын өзгертетініне сенім білдірді. Бұл өзгеріске бастайтын тағы бір ерекше жоба  - фестивальде үшінші орынға ие болған Алматы қаласы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының Жемістерді кептіру құрылғысы.

"Біздің жобамыз Гелио кептіргіш желдету әдісімен жеміс-жидектерді кептіреді. Мақсатымыз елімізде кептірілген жеміс-жидектер өндірісін іске асыру. Себебі біздің елде бұған балама жоба жоқ. Егер әдеттегі әдіс бойынша жеміс күн астында 6 күн бойы кептірілсе, Гелио кептіргіште 2 күн ішінде дайын болады. Екі әдіспен дайындалған өнімді салыстырып қарасаңыз, біздің құрылғыда кептірілген өнімнің сырт келбеті де, дәмі де жақсырақ. Себебі ультра толқындар күн астында кепкен жемістің органикалық құрамын жойып жібереді. Ал желмен кепкен жемістердің органикалық құрамы сақталады. Бұл конструкцияны жасауға 70 мың теңге кетті. Бірақ оның барлық бөлшектері 25 жылға дейін жұмыс істейді. Құрылғы толықтай күн энергиясынан қуат алады. Себебі біз кәдімгі электр қуатын қолданып, табиғатты ластауға қарсымыз", - дейді жоба авторларының бірі Аяла Мұхамеджан. 

Жеңімпаздарға жүлде ретінде 100 мың, 150 мың және 300 мың теңге табысталды. Байқау ұйымдастырушылары барлық жобаларға бұдан әрі қолдау көрсетіп, оларға серіктестер тауып беруге дайын екендерін айтты. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 08 Қараша, 2022 14:21
Талқылау