Жарқынай Ханайым: Үйде өрт шығып, әкем қолын күйдіріп алды
Жарқынай Ханайым отбасының басынан өткен қиын күндерді еске алды. Бала күнінде актрисаның үйінде өрт шығып, әкесінің қолы күйіп қалған. Жұмысқа жарамсыз болып қалғандықтан, анасы отбасын тастап, нәпақа табу үшін басқа қалаға аттанған, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
2005 жылы болған оқиға жайлы актриса Instagram-дағы парақшасында жазды.
"Сонау 2005 жылдың атмосферасы бар "Бәйтерек" тобының "Сен" деген әні мамам үшін ерекше ән. Сол жылдары үйде өрт шығып, папам қолын күйдіріп алған болатын. Жұмысқа жарамай қалды. Біз тұрған ауылда жұмыс жоқ.
Мамам жанұяның жауапкершілігін арқалап бір қыз, бір шалын тастап, Астанаға жұмысқа кетті (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы). Жеміс-жидек сатушысы болып, бір жаз жұмыс жасады. Сол бір жаз біз үшін 10-дай созылды.
Осы әнді тыңдап жылай береді екен. Тағы "Бу акшам улорум, бени хечким тутамас" деген әннің хит кезі еді. Осы екі әнді тыңдап қалсақ, жүрегіміз ауырып қалады.
Сол бір жете алмай сарғайған кездер еске түседі. Әндер сыйлайтын сезімді ештеңе сыйламайды", - дейді Жарқынай.
Айта кетейік, Жарқынай Ханайым Өзбекстан елінде туған. Бір үйдің жалғыз қызы. Айтуына қарағанда, анасы ауыр ота арқылы босанғандықтан, екінші рет бала көтеруіне тыйым салынған.