Күдікті 2GIS платформасында діни бірлестіктердің қызметіне қатысты материалдың астында пікір қалдырған. Пікірде “Жарып жіберетін жер” делінген.

Фото: Қосымшадан скрин
Жарылыс жасау туралы жазба туралы “102” қызметіне қоңырау түскеннен кейін Алматы полициясы Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері дереу тексеру жұмыстарын бастаған.
“Жедел іс-шаралар барысында пікір қалдырған адамның жеке басы анықталды. Ол — 2004 жылы туған Алматы тұрғыны болып шықты. Ер адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді”, – деп мәлімдеді полиция.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров интернеттегі кез келген қорқыту қоғам үшін нақты қауіп ретінде қарастырылатынын атап өтті:
“Мұндай “әзіліңдердің” салдары ауыр болуы мүмкін. Әрбір хабарлама тексеріледі және кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылады”, – деп ескертті ол.
Полиция азаматтарды әлеуметтік желілерді жауапкершілікпен пайдаланып, қауіп төндіретін немесе заңға қайшы мазмұндағы жазбаларды жарияламауға және таратпауға шақырады.
