"Жарыққа да біз төлейміз, егеуқұйрықтар да қаптады": Алматылықтар рұқсатсыз дүңгіршектердің жұмысына шағымданды
Фото: Видеодан скрин
Алматылық тұрғындар терезе астындағы рұқсатсыз саудаға шағымданып жатыр. Олар фастфуд пен балмұздақ сататын дүңгіршектер автотұрақтарды басып алып, ортақ есептегіштерге қосылғанын айтады. Соның салдарынан коммуналдық төлемдерді тұрғындар өздері төлеуге мәжбүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, бұл сауда нүктелерін орнатуға пәтер иелері ешқандай рұқсат бермеген. Тұрғындарды дүңгіршектердің ортақ электр және су есептегіштеріне қосылғаны да ашуландырады.
Алматылық Алеся Хатимуллинаның айтуынша, олар лицензиясыз жұмыс істеп жатыр.
"Бұл жердегі қыздардың медициналық кітапшалары да жоқ. Бұл дегеніміз қоғамдық тамақтану орны ғой. Онда бәрі талапқа сай болуы керек. Біз балалар алаңында отырған кезде, айналамызда егеуқұйрықтар жүгіріп жүреді. Ортақ мүлікке қызмет көрсететін ұйым төрағасы бұл дүңгіршектерге рұқсатты өзі беріп қойған. Ол бізге бұл нысандар табыс әкеледі деп түсіндіреді. Бірақ олар бізге ешқандай пайда әкеліп жатқан жоқ. Түскен қаражаттың бәрі үй балансына түсіп жатқанымен, төраға ай сайынғы есепті бізге бермейді. Ал ол есеп беруге міндетті", – деді тұрғын.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің ортақ мүлікке қызмет көрсететін ұйым төрағасы өз бетінше үш тамақтану дүңгіршегі мен бір мейрамхананың құрылысын мақұлдаған. Көршілер үнемі шуға, санитарлық талаптардың сақталмауына, аулаға тасталатын қоқысқа шағымданып жатыр. Соның кесірінен, олардың сөзінше, аулада кеміргіштер пайда болған. Тұрғындар бұл сауда нүктелерінің барлығы заңсыз деп есептейді.
Әзірге жергілікті әкімдік балмұздақ сататын бір ғана дүңгіршекті заңсыз деп танып, оны алып тастаған. Ал ортақ мүлікке қызмет көрсететін ұйым төрағасы ешқандай заң бұзушылық жасамадым деп есептейді.
"Үш Сұнқар" тұрғын үй кешенінің ортақ мүлікке қызмет көрсететін ұйым төрағасы Бекболат Қамбарбаевтың айтуынша, коммерциялық нүктелерден жиналған жалға алу ақысы үй аумағын абаттандыруға жұмсалып жатыр.
"Инфрақұрылымды дамыту басқармасынан кешенді тексеріс болды. Бұрынғы атауы – тұрғын үй инспекциясы. Олар ешқандай заңбұзушылық анықтамады. Демек, бәрі заң аясында. Ол қаражаттар абаттандыруға жұмсалады. Сонымен қатар мен бұл үйде көп жылдан бері тұрамын, өз қаражатым есебінен мынау жарық бағаналарын орнаттым. Бұл үшін шамамен 2 миллион 400 мың теңге жұмсадым. Көгалдандыруға да өз қалтамнан төледім", – деді Бекболат Қамбарбаев.
"Нәжісін балконнан төгеді": Алматыда тұрғындар көршісіне шағымданды
Ақтөбеде ағаштарды кесіп, жаңа нысан салмақ болған кәсіпкердің әрекеті тұрғындарды ашуландырды
Еске салайық, бұған дейін сәуір айының соңында Астана тұрғындары әлеуметтік желілерде тұрғын үй ауласында, балалар алаңының дәл жанында көлік жуу орны салынып жатқанына наразылық білдірді. Тұрғындар құрылысқа рұқсат кім тарапынан және қандай негізде берілгенін түсіне алмай, бірнеше рет қала әкімдігіне жүгінгенімен, нақты жауап ала алмағандарын айтады. Оқиға "Көктем" дүкенінің маңында болған. Қала әкімдігіне бұл мәселеге қатысты ресми сұраным хат жіберілді.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
