Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жарамды мерзімі өтіп кеткен дәрілер берген: Қарағанды облысында 20 медицина қызметкері жауапқа тартылды

Қарағанды облысының прокуратурасы Теміртаудағы медицина мекемелерінде тексеріс жасап, мерзімі өткен дәрі-дәрмектердің жазылып берілгенін анықтады. Тергеу барысында 20 қызметкер жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: niioz.ru

Прокуратураның мәліметіне сенсек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша үш жылдық тексеру жүргізілген.

Бұл тексеру денсаулық сақтау мекемелеріндегі дәрі-дәрмек қауіпсіздігіне қатысты елеулі мәселелердің барын көрсетті. Прокуратура осы жағдайды түзету үшін қажет шаралар қолданатынын және медицина мекемелерінің жұмысына қатаң бақылау орнататынын хабарлады.

Тексеруден кейін Теміртаудағы емханаларда науқастарға мерзімі өтіп бара жатқан және кейбірі тіпті тіркелмеген дәрі-дәрмектер жазылып берілгені белгілі болды. Сонымен қатар медицина препараттарын тағайындау нормалары шамадан тыс істелген. Осылайша прокурорлар Қазақстаннан тысқары тұрақты тұруға кеткен азаматтардың 76 жағдай бойынша емханаларға заңсыз тіркелгенін анықтады.

Сөйтіп 20-дан аса емхана қызметкері тәртіптік жауапқа тартылды. Одан бөлек дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және жан басына қаржыландыру мәселелеріндегі заң бұзушылықтар үшін 16 миллион теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылды.



Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысы Нұра аудандағы білім беру ұйымдарында өткізілген тексеру нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, өрт қауіпсіздігі және денсаулық сақтау салаларындағы көптеген заң бұзушылықтар анықталғанын жаздық. Ауданның кейбір мектептерінде жарамды мерзімі өтіп кеткен дәрілік құралдар табылды. Белгіленген стандарттарға сәйкес келмейтін дезинфекциялық ерітінділер анықталды. Мектептердің бірінде ішек таяқшасы бактериялары анықталды. Аудан прокуратурасының қадағалау актісі негізінде барлық анықталған бұзушылық жойылды. Тексеруден соң өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 19 мектеп директоры әкімшілік, 17 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылған.

Талқылау