Жапонияның мәнерлеп сырғанау федерациясы Денис Тенді жазалауды ойлап отыр
Мәнерлеп сырғанаудан АҚШ-тың Бостон қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Денис Тенге айып тағылды.
Сурет: mgorod.kz
Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Қазақстандық спортшыға Жапония мәнерлеп сырғанау федерациясы мен Юдзуру Ханюдің өкпесі қара қазандай көрінеді. Себебі, 29 наурыздағы ресми дайындық кезінде үш аксель жасамақ болған Сочи Олимпиадасының чемпионы Ханю айналу жаттығуына енді кіріскен Денис Тенмен соқтығысып қалмас үшін бағытын өзгертіп, салдарынан бортқа соғылып қалады. Ашуға булыққан жапон мәнерлеп сырғанаушысы Тенді айыптап, дөрекілік танытады. Дегенмен қашан да байсалды Денис қарсыласының мұндай ерсі әрекетіне назар аударған жоқ.
Ханюдің сөзіне қарағанда, қазақстандық спортшы оған әдейі кедергі келтірмек болған және сұхбат барысында ол, неге сүйенгені белгісіз, екеуінің соқтығысып қалғанын алға тартады.
Енді алдын ала мәліметке жүгінсек, Жапония мәнерлеп сырғанау федерациясы Халықаралық конькимен жүгірушілер одағына (ISU) Денис Тенге ескерту берілсін деген талаппен ресми түрде шағым жасамақ. Алайда айыптаушылардың ешқайсысы осы күнге дейін Денистің кінәсін растайтын бірде-бір нақты мәлімет келтірген жоқ. Мұндай бассыздыққа ашынған Теннің жанкүйерлері әлеуметтік желілерде қазақстандық спортшыға қолдау көрсету акциясын жүргізуде.