"Ай сайын ит-мысықты асырауға 8 миллион теңге жұмсаймын": Қазақстандық панажай иелері далада қалған жануарларды қалай асырайды

Бүгінде жануарларға арналған жеке панажайлар ит-мысықтарды көбіне өз қаражаты есебінен асырап отыр. Мысалы, 800-ге жуық жануардың күнделікті тамағына 100 мың теңге жұмсалады. Бұдан бөлек олардың денсаулығына қатысты төлемдер бар. Жанашыр жандар көмектескенімен, айтуларынша, қаржы тұрақты емес. Stan.kz ақпарат агенттігі панажай иелерімен сөйлесіп, ай сайын қанша қаржы жұмсалатынын және ликвидация мәселесі қалай шешіліп жатқанын сұрады.
"Күніне 100 000, айына 8 миллион теңге"
Алматы облысындағы ZooHome панажайында ит, мысық, жанаттарды қосқанда бүгінде
800-ге жуық үйсіз жануар өмір сүреді. Панажай басшысы Евгения Мамаеваның айтуынша, мыңға тарта жануарға күнде тек тамаққа шамамен 100 000 теңге жұмсалады. Ал айлық шығын шамамен 8 миллион теңге.
"Иттер, мысықтар және жанаттардың барлығын есептесек, біздің панажайда шамамен 800-ге жуық жануар бар. Күн сайын тек тамаққа шамамен 100 000 теңге жұмсалады. Ең қымбат күтім – жанаттардікі. Олардың рационына бөдене жұмыртқасы, печенье, жаңғақтар, теңіз өнімдері кіреді. Ал иттерге субөнімдер (бауыр, өкпе, сүйек қалдықтары және т.б.) беріледі. Жалпы алғанда, біздің панажайдың айлық шығыны шамамен – 8 миллион теңге", – дейді панажай иесі.
Панажай басшысы жанашыр жандар болмаса, жалпы көмек аз екенін жеткізді. Сондықтан олар қарыз, несие алып отырады.
"Өкінішке қарай, көмек өте аз. Көбіне қарыз аламыз, несие аламыз, сосын қайтарамыз. Осылай жалғасып жатыр. Қазір адамдардың өздеріне де қиын, сондықтан көмектің көлемі айтарлықтай азайды. Дегенмен әлі де жанашыр адамдар бар: біреулер ісімен көмектеседі, біреулер ескі маталар, азық әкеледі. Әркім шамасына қарай көмектеседі. Компаниялардан көмек бар, бірақ өте аз. Блогерлерге де жазамыз, көмек сұраймыз, бірақ әзірге нақты қолдау болмады. Қазір барлық панажай өте қиын жағдайда, барлығы дерлік үлкен көмекке мұқтаж", – деп пікір білдірді Евгения Мамаева.
"Шұжық цехы беретін азықты қоспағанда айына шамамен 350 000, күніне 12-13 000 теңге"
Ал Тараздағы "Ақтөс" панажайында 250-ден астам жануар бар. Панажай басшысы Ирина Келлердің сөзінше, бұл жерге адамдар күнде ондаған жануарды әкеліп тастайды. Сол себепті панажайға үнемі қысым көрсетіледі, жануарларды тастап кеткен адамдар ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Төрт аяқтылардың күнделікті тамағына жергілікті шұжық цехтары көмектеседі екен.
"Мысалы, 150 жануардың шамамен 70%-ын жергілікті тұрғындар әкеліп тастайды. Барлығы кастрацияланған, стерилизацияланған, вакцина алған. Сондықтан шығынымыз үнемі өзгеріп отырады. Жануарларға кететін шығынды есептеу өте қиын. Кішкентай күшіктер мен марғаулар келгенде олардың рационы да, бюджеті де мүлдем бөлек болады. Қарт жануарлардың да шығыны басқа, өйткені оларға ем-дом қажет. Одан бөлек, иттер мен мысықтар әртүрлі, салмағы да, тамақтануы да, емдеу шығыны да өзгеше. Айына шамамен 200 000 теңге жұмсаймыз, тағы 150-200 000 теңгені жанашыр азаматтар береді. Осы орайда шұжық өндіретін цехтарға алғысымызды білдіреміз. Олар бізге күнде ит-мысыққа тамақ береді. Панажай солардың арқасында күн көріп отыр", – дейді "Ақтөс" панажайының басшысы Ирина Келлер.
"15 мысықты бағуға айына 300 000 теңге жұмсалады"
Алматы облысындағы "Белый Бим" панажайында 80 ит, 20 мысық, 4 қой және 2 есек бар. Панажай иесі Наталья Сульжиктің айтуынша, қаржыландыру жоқ және ешқашан болмаған. Панажай мен жануарлардың шығынын жер иесі жеке қаражаты және жанашыр адамдардың көмегі есебінен асырайды.
"Қоғамда қолдау бар: біреулер заттай көмектеседі, біреулер әлеуметтік желіде қолдау білдіреді. Бірақ әр жануарға нақты қанша қаражат кететінін айту қиын. Өйткені жануарлар жиі ауырады, бұл да үлкен шығын әкеледі. Ал мысықтар уақытша қарауда. 15 мысықты ұстау айына 300 000 теңге (күніне 9000-10000 теңге) тұрады. Бұған қоса азық пен толтырғыш шығындары бар", – деп жауап берді панажай жетекшісі Наталья Сульжик.
Панажай иелері бүгінде жанашыр азаматтардың өзінен көмек өте аз екенін айтып отыр. Өйткені халықтың өзінің де жағдайы мәз емес дейді олар.
"Өз жерімізді мақсатсыз пайдаланды деп өтемақысыз тартып алғысы келеді"
Дегенмен үш панажай иесі де бүгінде үлкен қиындық – ликвидацияға (тарату, жабу) тап болып отырғанын айтты. Сөздерінше, жергілікті әкімдік, жер басқармалары жануарлар панажайы орналасқан жеке меншіктегі жер учаскелерін жүйелі түрде тартып алу рәсімдерін бастаған. Жер иелерінің айтуынша, панажай жерін тартып алу, әдетте, "жерді нысаналы пайдаланбау" деген сылтаумен, сот арқылы, ешқандай өтемақысыз және балама жер ұсынбай жүзеге асырылып жатыр.
"Қазір бізге қарсы сот ісі қозғалды, жерді мақсатқа сай пайдаланбай жатыр деген айып тағылып отыр. Жер бастапқыда ауыл шаруашылығына арналған, жылқы, қой өсіріп, жылыжай ашқымыз келген. Алайда біз көшіп келгеннен кейін, адамдар біздің волонтер екенімізді біліп, жануарларды жаппай тастап кете бастады. Бастапқыда бізде 30 ит болды, кейін күнде жаңа жануар әкеліне берді. Тіпті бір күнде 50 күшікті бірден тастап кеткен жағдай болды. Қазір біз жануарларды орналастырып үлгермейміз, өйткені келетіндер кететіндерден әлдеқайда көп. Мемлекет бізден жерді ешқандай өтемақысыз тартып алғысы келеді. Тіпті өз қаржымызға салған құрылысты өзіміз бұзуымыз керек екен. Ал жануарларды қайда жіберетініміз белгісіз. Көрші панажай жабылып, тағы 120 ит бізге келді. Енді біз жерімізді панажай мақсатында пайдалана берейік десек, заңда ондай норма жоқ. Мемлекет жануарлар өмір сүрсін дейді, бірақ қайда өмір сүретінін айтпайды", – деп жылады Евгения Мамаева.
"Күзетшімді ұрып кетті, оқ атты, бізді қорқытып жатыр"
Бұдан бөлек, былтыр күзде "Белый Бим" панажай иесі Наталья Сульжиктің панажайына екі белгісіз адам келіп, оқ атқан, күзетшіге соққы жасаған.
"Дәл қазір менің жерімді тартып алмақ. Панажайдың жағдайы өте күрделі. Мен қазір жер де, қаражат та сұрамаймын. Бар сұрайтыным – жануарларды асырап алыңыздаршы, алып кетіңіздерші. Себебі панажайға қарап отырған күзетшім түнгі 4.00-де хабарласып, оны белгісіз екі адам ұрып кеткенін айтты. Таңғы 6.00-де панажайға бардым, біраз уақыттан соң біз жаққа қарай оқ атылды. Қазір менің өзіме, жануарларға оқ атыла ма деп қорқамын. Бізге қысым жасалып, қорқытып жатыр. Сондықтан мен қазір тек жануарларды таратуға, беруге дайынмын. Осы 15 жыл бойы панажай үшін күресіп келдім, бірақ қазір күресетін шамам жоқ. Сондықтан ит мысықтарды алып кетулеріңізді сұраймын", – деп мәжбүрлікпен үндеу жасады Наталья Сульжик.
Оның заңгері Әбілхайыр Мерғалиевтің айтуынша, "Белый Бим" ерікті ұйым ретінде құрылған. Дегенмен 2025 жылдың қыркүйегінен бастап панажай қысымға ұшырап келеді. Полицияға өтініш бергенімен нақты жауап ала алмаған.
"Қыркүйек айында көрші Мыңбаев ауылдық округінің тарапынан, өздерін "қоғам белсенділері" деп таныстырған азаматтардан "Жер туралы заңға қайшы заңбұзушылық жасады" деген айып тағылды. Негізінде ешқандай заң бұзылмады. Дегенмен Натальяға кәсіп субъектісі ретінде 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Жер жекеменшік болғанына қарамастан, жергілікті әкімдік кәсіпкерлікті негізге алып, тексермек. Жеке кәсіпкерлік басқа мекенжайға тіркелген, оның панажайға еш қатысы жоқ. Біз тексерудің заңсыз екенін алға тартып, құзырлы органдарға жүгіндік. Біздің ойымызша, мұның бәрі панажай иесінің жұмысына қысым ретінде жасалып отыр", – дейді заңгер.
Панажайлар қалыптасқан жағдай қоғамдық приюттар жүйесінің жойылуына және жануарларға адамгершілікпен қарау қағидаттарының әлсіреуіне әкеліп соғады деп алаңдап отыр.
Еске сала кетейік, 4 сәуір – дүниежүзілік үйсіз жануарлар күні. Бұл күн үйсіз қалған мысықтар мен иттердің тағдырына назар аударуға және жануарларға жанашырлықпен әрі жауапты қараудың маңызын еске салуға арналған.