"Бір сәттілік жетпеді деп ойлаймын": Бокстан Қазақстанның бас бапкері Париждегі сәтсіз нәтиже үшін халықтан кешірім сұрады
Бокстан Қазақстанның бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париждегі жазғы олимпиада ойындарындағы былғары қолғап шеберлерінің сәтсіздігі үшін халықтан кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҰОК
Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Парижден тек күміс жүлдемен қайтқан былғары қолғап шеберлеріне сәттілік жетіспегенін алға тартып, халықтан кешірім сұрады.
"Түсінемін, елдің, жанкүйерлердің біздің жекпе-жектерге көңілі толған жоқ. Сол үшін кешірім сұраймыз. Жалпы ешкім ұтыламын деп келген жоқ. Жігіттердің бәрі барын салып жұдырықтасты. Жақсы дайындықпен келді. Бірақ бір сәттілік жетпеді деп ойлаймын. Бізді жақтады, қорғамады демеймін. Мен ондайға үйренген емеспін. Біз бәрін өзімізден көреміз. Бұйырмай тұр, кем-кетік бар шығар. Сол себепті жеңіске жетпеген шығармыз", – деді бас бапкер.
Айта кетейік, бокстан Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасын жалғыз күміс жүлдемен аяқтады. 80 келідегі Нұрбек Оралбай финалда украиналық боксшыға есе жіберді.