Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-та өтетін жекпе-жегінің алдында маңызды үндеу жасады

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBO және BF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы жастарға маңызды үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәнібек Әлімханұлы 6 желтоқсан күні АҚШ-та Эрисланди Ларамен маңызды жекпе-жек өткізеді. Айқас алдында ол жастарды құмар ойындарына әуестенбеуге және өзінің жекпе-жегіне бәс тікпеуге шақырды.
"Маған әр қазақ қымбат! Ешқайсының шаңырағы шайқалмаса екен деймін! Жастарды құмар ойын ойнамауға, менің жекпе-жегіме бәс тікпеуге шақырамын!", – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы тура 5 күннен кейін АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында орналасқан Frost Bank Center аренасында рингке шығады. Бұл жекпе-жек WBA, IBF және WBO тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерді біріктіретін аса маңызды айқас болмақ.
Сондай-ақ бұл айқас Жәнібектің PPV жүйесіндегі алғашқы дебюті болады. Егер ол жеңіске жетсе, үш чемпиондық атақты біріктірген тұңғыш қазақстандық боксшы атанады.
Кештің басты жекпе-жегінде мексикалық Айзек Крус пен америкалық Ламонт Роуч WBC тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы атағын сарапқа салады.
Ал Жәнібектің қарсыласы – 42 жастағы кубалық Эрисланди Лара, кәсіби мансабында 37 жекпе-жек өткізіп, оның 31-інде жеңіске жеткен, 3 рет жеңілген және 3 мәрте тең түскен.
Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы 17 жекпе-жектің барлығында жеңіп, оның 12-сінде нокаут тіркеген.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді