Бас жүлде – автокөлік: Жанболат пен Жазира ұлының тойын дүркіретіп өткізді

Күні кеше танымал әншілер Жанболат пен Жазира жалғыз ұлдары Қазбектің үйлену тойын дүркіретіп өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үлкен той Алматыдағы қымбат мейрамханалардың бірінде өтті. Тойға 600-ден астам қонақ жиналып, 150 шақты мобилограф жүрді. Ал Youtube арқылы жүргізілген тікелей эфирді 450 мыңнан аса адам тамашалаған.
Тойдың алдында Қазбек пен Асылының заңды неке қию рәсімі өткізіліп, журналист Анна Данченко оларға Неке куәлігін табыстады.
Артынан қалыңдықты ортаға Қарақат Әбілдина мен Бейбіт Сейдуалиева алып шықты. Алдымен келіннің беташары ұйымдастырылды, оны Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан жүргізді. Жастардың некесіне ақ батаны Алтынбек Қоразбаев берді.
Жастар алғашқы вальсін Ернар Амандықтың “Кейіпкер” әніне билеп, үйлену той тортын кесті.
Бұған қоса, кеш барысында шоу-балет театры арнайы қойылым қойған.
Жұлдызды жұптың шаңырағындағы тойға қазақ эстрада жұлдыздарының бірқатары бой көрсетті. Мәселен “МузАРТ” тобының мүшелері, Алтынай Жорабаева, Қайрат Нұртас пен жұбайы Жұлдыз Әбдукәрімова, Асхат Тарғын, Бүркіт пен Аиша, Дариға Бадықова мен Олжас Абай, Мөлдір Мұқанова, Айгүл Иманбаева, Аша Матай мен Арман Қоңыр, Салтанат Бақаева мен жолдасы, Жеңіс Ысқақова, Тоқтар Серіков, Нұрболат Абдуллин және тағы басқалары. Тағы бір айта кететіні, тойға қонақ болған әншілердің бәрі дерлік тойда өнер көрсетті.
Тойдың басты ерекшелігі – бағалы сыйлықтар, ал бас жүлде ретінде – автокөліктің ойнатылуы болды. Темір тұлпарды Қазбектің Жалғас есімді досының жары ұтып алды.
Мұнымен қоймай, тойда аукцион ұйымдастырылған. Желіде тараған видеоларға сенсек, Асылының орамалы – 400 долларға сатылған.
Ал Сәкен Майғазиевтің ұлы әрі Қазбектің досы Әділет жас-жұбайларға Кенияға жолдама және анасының бренді “Динара” шайын сыйлады.
"Жүзін бейнебаянда көрсету – бір бөлек әсер": Жазира Байырбекова болашақ келінін көрсетті
Тойға жастар өздерінің алғаш таныстығы туралы видео дайындаған. Қазбек пен Асылының махаббат хикаясы көпшілікті сүйсіндірді. Екі жасты Асылының құрбысы Еркежан таныстырған көрінеді, әншілердің ұлы аруды ортақ таныстарының Instagram парақшасынан көріп қалған.
“Бір көргеннен оның менікі екенін бірден түсіндім. Өйткені алғашқы ойыма келгені – “Жігіті бар ма, жоқ па?” деген сұрақ болды. Жоқ болса, бұл қызды аламын” деп ойладым”, – дейді күйеу жігіт.
Қазбек алғашқы қадамды өзі жасап, аруды әйгілі әнші Ed Sheeran-ның Абу-Дабидегі концертіне шақырған. Бір қызығы – Асылы болашақ жары Қазбектің жеке парақшасына жарты жыл бұрын жазылған екен.
“Бірінші болып жазып, концертке шақырғанда кішкене сынып тұра ма десем, бірден келісті ғой”, – дейді Қазбек.
Өнер иелеренің ұлы кездесуге қатты дайындалған. Кездесуге келіскеннен кейін Қазбек бес күннің ішінде 7 келі салмақ тастаған көрінеді. Сөйтіп, олар концерттен бір күн бұрын жағажайда кездесіпті.
Ал Қазақстанда олар Алматының атақты “Барахолка” базарында жүздескен, Қазбек оны әдейі сол жерге апарған көрінеді.
Айта кетейік, бұған дейін Жанболат пен Жазира келін түсіріп, қалыңмалға 10 миллион теңге бергені хабарланған еді.
Қазақстанда киіз үй бағасы 200 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін: Оны кімдер сатып алады?