Қалыңмалы 10 миллион теңге: Жанболат пен Жазира келін түсірді

Көптен бері ұлының үйленетінін айтып жүрген танымал әншілер Жанболат пен Жазира шаңырақтарына келін түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кейінгі бірнеше күннен бері Жазира Байырбекова әлеуметтік желідегі парақшасында бірқатар жазба жариялап, тойдың қызық сәттерін бөлісіп жүр. Әнші осындай видеоларының бірінде сырға салу құдалығына арналған қоржын мен дәмдерді көрсетті. Өнер иесі топтаманы “Шаңырақ” деп атаған.
“Тойдың боларынан боладысы қызық демекші…Бүгін, міне, қоржынымыз толық дайын, ертеңгі қуанышқа әзірміз”, – деп жазған ол.
Келесі күні жұлдызды жұп құдалыққа барып, болашақ келіндеріне сырға салған. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, өнер иелері келіндерінің қалыңмалына 10 миллион теңге берген. Ал сырға салу барысында Жазира Байырбекова көз жасына ерік берді.
Құдалықта өзге де шоу-бизнес өкілдері, яғни әнші Сәкен Майғазиевтің жары Динара Майғазиева да бой көрсеткен. Бір қызығы – жұлдызды жұп “МузАРТ” тобының әншісі Кенжебек Жанәбіловпен құда болды. Кадрлардан Кенжебектің құдаларды жылы шыраймен қарсы алып, құрметпен төрге бастап жатқанын байқауға болады.
“Аллаға шүкір, бүгін – жүрегімізді қуанышқа бөлеген, ерекше бақытты күніміз. Қазақтың салт-дәстүрімен, ұлымызға ақ құсын қондыруға ниет етіп, құдалар болып, ақ келінімізге сырға салуға келдік. Бұл – екі әулеттің табысқан, берекелі бастамасының белгісі. Алла тағала осы қуанышымызды баянды етіп, жас жұбайлардың отауына махаббат пен береке нәсіп етсін. Тіл-көзден сақтасын”, – деп жазды ол.
Ал 23 наурызда Асылының ұзату тойы болған.
“Ал, міне… ерекше күн де келіп жетті. Асылы келінімізді алып келуге, ұзату тойына келіп қалдық… Алла қосқан қосақтарыңды баянды етсін, махаббаттарың мәңгілік болсын”, – деп әнші ақ тілегін арнады.
Жазира Байырбек құдағиы “өзіңіз әніңізбен алып кеткеніңізді қалап тұрмыз” деп өтініш жасағандықтан, келінін өзі ұзатқан көрінеді.
Әншілердің шаңырағында жаңа түскен келінді үлкен апалары ақ босағадан аттатып, үйде күтіп алды. Қазақтың барлық салт-дәстүріне сай май құйылып, аласталып, ақ батасы берілді.
"Жүзін бейнебаянда көрсету – бір бөлек әсер": Жазира Байырбекова болашақ келінін көрсетті
Енді ертең Қазыбек пен Асылының үйлену тойы өтеді. Жұлдызды жұп көпшіліктің сұрауы бойынша, тойды тікелей эфирде көрсетуді шешкен.
“Дүбірлі тойымызға небәрі 1 күн қалды! Ең бақытты күнімізге бірге куә болыңыздар. Көпшіліктің сұрауымен тікелей эфир ұйымдастырамыз! Эфир тегін, сондықтан әрқайсыңыз біздің тойды онлайн тамашалай аласыздар”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ әнші тойға шақырылған қонақтарға ескерту жасады. Ол олардан мобилограф және видеограмтарсыз келуді сұрады, өнер иесі мұны тойға шақырылған адам көп болғандықтан ескертіп отырғанын алға тартты. Бұған қарамастан, қонақтардың ешқайсысы видеосыз немесе фотосуретсіз қалмайды, өйткені тойда арнайы кәсіби түсірілім жүргізіледі.
“Құрметті қонақтарымыз! Алла қаласа, ертеңгі тойымызға келетін қонақтар тізім бойынша кіргізілетінін хабарлаймыз. Адам санының көптігіне байланысты, сіздерден тойға мобилографсыз және видеографсыз келулеріңізді сұраймыз”, – деп жазды Жазира Байырбек.
Айта кетейік, бұған дейін Жанболат пен Жазираның ұлы Мальдив аралдарында сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасағаны хабарланған еді.
Қазақстанда киіз үй бағасы 200 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін: Оны кімдер сатып алады?