Жанболат Мамайдың соты: Прокурор белсендіге жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру айыбын қайта тақты
Бүгін, 26 қаңтарда Алматы қалалық Бостандық аудандық №2 сотында тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамайға қатысты сот отырысы жалғасты. Бейсенбі күні өткен кезекті онлайн сотта прокурор Еркін Баймағамбетов саяси белсендіге жаңа айып тақты. Айыптаушы қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген бапты қайта қозғады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ескерте кетейік, Демпартия жетекшісіне бұл айып оның алдында да тағылған. Алайда халықаралық ұйымдардың араласуынан соң "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру" бабы заңсыз митинг ұйымдастыруға ауыстырылған. Бүгінгі сот отырысында прокурор бұл бапты қайта қозғады. Сонымен қоса Мамай Қылмыстық кодекстің үш бабы: "Қасақана жалған ақпарат тарату", "Билік өкілін қорлау" және "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу" бойынша айыпталып отыр.
Жаңа айыптауды оқыған прокурор 4 және 5 қаңтарда Алматыда болған қаңтар оқиғасының хронологиясын тізіп берді. Оның айтуынша, Мамайдың үндеуінен кейін алаңға жиналған наразылық білдірушілер көліктерді өртеп, мемлекеттік қызметкерлерге дене жарақатын салған.
Прокурордың сөзіне сүйенсек, айыпталушы Қазақстан Республикасындағы "бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңының талаптарына қарамастан 2022 жылдың 3 қаңтарында "Facebook" әлеуметтік желісіндегі парақшаларын пайдаланып, Жаңаөзен қаласын қолдау мақсатында барша қала тұрғындарын сағат 14.00-де Республика алаңына жиналуға шақырған.
"Алайда халықтың тиісті қолдауын көрмеген Мамай осы фактіні өз ісінде пайдалану мүмкіндігі ретінде қабылдап, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған. Мамай 2022 жылы 4 қаңтардың демалыс күні екенін біліп, қоғамдық қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында азаматтарды "Алматы Арена" мұз сарайының алдына жиналуға шақырған", - дейді прокурор.
Прокурор сөзіне дәлел ретінде әлеуметтік желілер мен Youtube видео хостингінде жарияланған видеоларды келтірген.
Айыптаушы сондай-ақ Жанболат Мамайдың сөз мазмұнының ақпараттық қару ретінде маңыздылығын біле отырып, жиналғандардың көңіл-күйі мен психикасына әсер ету мақсатында жалған ақпарат таратып жібергенін атап өткен.
"Мамай көпшілік арасында психоэмоционалдық және әлеуметтік шиеленіс туғызу үшін жалған ақпарат таратуды жалғастырып, бүкіл Маңғыстауды халық бақылауға алғанын айтып, Маңғыстау облысындағы наразылық білдірушілер саны 40 000 - 50 000 адамға жеткені, Атыраудағы алаңға 10 000 адам, Орал мен Ақтөбеде бірнеше мың адам жиналғанын айтқан", - дейді прокурор.
Прокурордың сөзінше, Мамайдың арандатушылық үндеулеріне бой алдырған Алматы тұрғындары жергілікті атқарушы органның бейбіт жиын өткізуге рұқсат етпегеніне қарамастан "Алматы Арена" мұз сарайы маңына заңсыз жиналған.
Сондай-ақ жаңа айыптауда Алматыда қаңтардың 4-і мен 7-сі аралығында болған тәртіпсіздіктерге қатысушылардың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан 1216 полиция қызметкері мен әскери қызметкер әртүрлі жарақат алғанын және жалпы сомасы 22 миллиард теңге мүліктік залал келгенін айтылады.
"Мамайдың 3 және 4 қаңтардағы көпшілік алдында сөйлеген сөздері мен бейне хабарламаларында саяси талаптар көп айтылса, ал 4 қаңтарда сағат 18:30-дан 19:10-ға дейін Мамайдың сөйлеген сөздері елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайды тұрақсыздандыру тұрғысынан әлеуметтік қауіпті тудырды", - дейді прокурор.
Жаңа айыптауда Мамайдың 4 қаңтарда сағат 19.30 шамасында заңсыз митингіге байланысты ұсталып, полиция бөліміне жеткізілгені айтылады. Алайда белсендінің сөздерінен эмоционалды әсер алған қалың жұртшылық құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсылық танытып, әлеуметтік жағдайының нашарлауы мен билікке наразылығын жалғастырғаны атап өтіледі.
"Осылайша Жанболат Мамай зорлық-зомбылықпен, тонаумен, өртеумен, атыс қаруын қолданумен, сондай-ақ билік өкіліне қарулы қарсылық көрсетумен ұштасқан жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды. Яғни, Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1-бөлігі (Жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасаған", - деп қосты прокурор.
Қылмыстық кодекстің жоғарыда аталған бабы бойынша жаза төрт жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейтінін айта кетейік.
Прокурор жаңа айыптау қағазын Мамайға, жәбірленуші тарапқа және сотқа бүгін жеткізетінін айтты. Судья келесі сот отырысын 6 ақпан күніне белгіледі. Ол жерде қорғанушы тараптың уәжі тыңдалады.
Еске салайық, биылғы жылдың 26 ақпанынан бері қамауда отырған 34 жастағы белсенді 2 қараша күні үйқамаққа шыққан.
28 қазанда Жанболат Мамайдың ісі сотқа жіберілгені белгілі болған. 9 қарашада саяси белсенді Жанболат Мамайдың ісі бойынша алғашқы сот отырысы басталды.