Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңатастағы бес баланың өлімі: Көршілері оқиғаның мән-жайын айтып берді

19 ақпан күні бес бала қайтыс болған Жаңатастағы қайғылы оқиғаның жай-жапсарын көршілері айтып берді. Жақын маңдағы пәтерлердің тұрғындары балаларды құтқаруға тырысқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Өрт 3 қыз бен 2 ұлдың өмірін жалмады. Балалардың үлкені - 6 жаста, ал кенжесі 7 айлық болды. Балалар көмірқышқыл газынан уланған. Көршілер оларды құтқаруға тырысты. Олар төрт баланы өз көліктерімен ауруханаға жеткізді, бірақ кеш болды. Кейін пәтерден тағы бір баланың денесін өрт сөндірушілер тапты.

"Мен өрт болған уақытта ас үйде отырғанмын. Балалар бұрынғыша ары-бері жүгіріп ойнап жүр деп ойладым. Сыртқа шықсам түтін будақтап жатыр. Бірден үйге кіріп, киініп, фонарь алып, үшінші қабытқа жүгірдім. Кіріп көмектеспекші болдым. Бірақ ол жерге кіру мүмкін емес еді", - деді көршісі Садық Егембердиев.

"Менен дымқыл сүлгі беруімді өтінді. Есікті ашайын деп жатыр екен деп ойладым. Артынша қарасам барлық жер көк түтінге оралыпты. Әйелдердің бірі кіріп, екі баланы шығарды. Өте жас, берекелі отбасы болатын. Ата-аналары ішпейтін, балалар да жап-жақсы киініп жүретін. Олар үш бөлмелі пәтерде тұратын", - деп қосты Алтынкүл Жамалбекова.

Еске салайық, 19 ақпанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында өрт болып, бес бала қайтыс болды. Өрт кезінде әкесі жергілікті ауруханада жұмыста болған, ал анасы дүкенге кеткен. Өрттің алдын ала себебі, өрт жатын бөлмесінде өте тез тұтанатын материалға тиген. Балалардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша тергеліп жатыр.  

Бұған дейін мемлекет басшысы оқиғағаға қатысты пікір білдіріп, отбасыға көңіл айтты. 

Талқылау