Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жанармайды үнемдейтін гибрид көліктерді шығарып жатқандар кім?

Кейінгі жылдары әлемдегі автонарық үлкен өзгеріске ұшырап, электромобильдер мен гибрид көліктерге сұраныс артты. Әлемнің ірі автокомпаниялары экологиялық таза, үнемді әрі заманауи технологиялары бар көліктерді жасап, осы нарықта бәсекелесіп жатыр. Гибрид технологияларды дамытып, осы салада көшбасшы атанған қандай брендтер? Stan.kz автонарықты шолып шықты.

Гибридтер қаншалық сұранысқа ие?

Өткен материалда гибридтің кәдімгі көліктен, электромобильден айырмасын түсіндіріп, түрлеріне тоқталғанбыз. Оған қоса бұл көліктердің артықшылығы жанармаймен де, электр қуатымен де жүріп, қоршаған ортаға зиян қалдықты аз шығарып, экология және экономика тұрғысынан әлдеқайда тиімді көлік түрі екенін айттық. Мұны қазір көптеген елдің жүргізушілері мойындап отыр. Мәселен, былтыр Еуропа елдерінде гибрид көлік сатып алғандар 26% көбейген. Әсіресе, Францияда, Италияда, Испанияда және Германияда гибридтерге сұраныс артқан. Ал Солтүстік Америкада былтыр гибрид көлік 53% көп сатылыпты. Болжам бойынша, осындай сұраныс қарқынымен 2035 жылы автонарықтың 60%-ы гибридтер болады. 

Гибрид нарығындағы ойыншылар кім?

Гибрид көліктерге сұраныс артқан соң, автокомпаниялар мұндай көліктерді көптеп өндіре бастады. Дегенмен, гибридтерге талап кәдімгі көліктерге қарағанда екі есе жоғары екенін байқауға болады. Себебі жүргізушілер көлік таңдағанда экологияны және жанармай шығынын бірінші орынға қойса да, сапа мен ыңғайлылықты да талап етеді. Сондықтан брендтер гибрид қозғалтқыштарын жетілдіріп, технологиясын дамытып, көліктерін барынша тиімді әрі сенімді етіп жасап, клиенттер нақты олардың өнімін таңдауы үшін белсенді бәсекеге түсіп жатыр.

Қазір гибрид көліктерді өндіру бойынша Азия-Тынық мұхиты аймағы көш бастап тұр. Бұл аймаққа нарықтың 40%-ы тиесілі. Оның ішінде Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай ең көп гибрид көліктерін шығарып жатыр. Мәселен, 2025 жылы Қытай сатқан көліктерінің шамамен жартысы гибридтер мен электромобильдер болып, осылайша ел әлемдегі ең ірі экокөлік нарығына айналды. Нарықтағы жетекші өндірушілер қатарында Toyota, Honda, Nissan, Hyundai, Kia және Ford сияқты ірі брендтер бар.

Toyota

Toyota – гибрид өндіру бойынша көш бастап тұрған жапониялық бренд. Мәселен, 2024 жылдың алғашқы жартысында олардың гибридтері бұрынға қарағанда 19,8% көп сатылған. Осылай, олар 1,92 миллион гибрид көлік сатқан. Ал қуаттағыш арқылы қуатталатын гибридтің 72 мыңнан астам данасын сата алған. 
Бұл брендтің гибридтері Жапонияда емес, көбіне басқа елдерде сатылады. Мысалы, былтыр маусымда АҚШ тұрғындары сатып алған гибридтердің жартысынан көбі Toyota-ға тиесілі болып шықты. Research Nester болжамынша, 2035 жылға қарай АҚШ-та гибрид автокөліктер 10,2% көп сатылады.

Honda

Honda бренді былтыр жылдың басында гибрид көліктерді көп сатып, табысын 23% арттырып алған. Компания электромобильдерге қарағанда гибидтерге сұраныстың көп екенін байқап, жұмыс бағытын өзгертті. Енді олар гибридтердің 13 түрін шығарамыз деп жоспарлап отыр. Олардың гибрид көлігін көбіне Жапония мен АҚШ-та алады екен.

Nissan 

Nissan шамамен он жыл бұрын алғашқы гибридтік модельдерін нарыққа шығарып, экокөлік өндірісіне бет бұрды. Содан бері компания айтарлықтай жетістікке жетті. Мысалы, өткен жылы АҚШ-та ең көп сатылған гибрид көліктердің үздік үштігіне Nissan кірді. Бүгінде компания негізгі назарын дәл осы бағытқа – гибрид технологияларын дамытуға және үлесін арттыруға шоғырландырып отыр.

Geely Galaxy: Қытайдан шыққан жаңа көшбасшы

Сонымен қатар қазір авто арыққа жаңа брендтер де қосылып жатыр. Әсіресе, Қытай компаниялары әжептәуір жетістікке жетіп келеді. Қытай бүгінде гибрид және электр көліктер өндіруде әлем бойынша бірінші орында тұр. Осы нарықта көзге түсіп жүрген ірі өндірушілердің бірі  – Geely Galaxy. Geely жаңа суббренді Galaxy арқылы премиум сегменттегі гибрид пен электр көліктерін шығара бастады. Galaxy модельдері дизайны заманауи, қозғалтқыштары ақылды жүйе бойынша істейді де, қуатты тиімді қолданады. 2025 жылғы қыркүйекте олардың сатылымы 120 868 көлікке жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 131% өскен. Ал осы жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Galaxy брендінің көліктері 874 985 данамен сатылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 206% өскен.

Мәселен, J.D. Power China агенттігі 2025 жылы зерттеу жүргізген, оған 20 мыңнан астам сатып алушы қатысқан. Нәтижесінде Geely компаниясының Galaxy L7 гибрид кроссовері ең сенімді әрі сапалы деп танылған. Мамандардың айтуынша, Geely Galaxy – Қытайдың жаһандық автонарықтағы жаңа деңгейге ұмтылысының көрінісі. 

Қорытындылай келе, гибрид көліктер бүгінде бүкіл әлемде қарқынды танымалдыққа ие болып, ірі автоөндірушілер осы бағытқа ерекше назар аударып отыр. Toyota мен Honda сияқты дәстүрлі көшбасшылармен қатар, Geely Galaxy секілді жаңа ойыншылардың да позициясы күшейіп келеді. Бұл үрдіс – жанармай үнемдеуді және экологиялық жауапкершілікті бағалайтын тұтынушылар үшін жаңа мүмкіндік.

Материал “Жаңа қуат” сериясы аясында әзірленді

#Жаңақуат

#НоваяЭнергия

Наргиза Аршидин
Сейсенбі, 04 Қараша, 2025 09:00
Талқылау