Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жанармай қымбаттап, автогаз бен электр энергиясына тарифтер өседі": 1 ақпаннан бастап Қазақстанда не өзгереді

Қазақстан билігі халыққа ерте қамданып, бірқатар экономикалық өзгерістерге дайын болуға шақырды. Соның ішінде жанармай мен автогаз бағасы өсіп, электр энергиясын қымбаттамақ. Осы ретте Stan.kz ақпарат агенттігі 2025 жылдың ақпан айында қандай өзгерістер болатынын зерттеп көрді.

Фото: Stan.kz

“Бензин бағасы 5 теңгеге көтеріледі”

Қазақстанда 1 ақпаннан бастап АИ-92 бензинінің бағасы 5 теңгеге көтеріледі. Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиевтің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрі 205 теңгені құрайды, жаңа баға бойынша оның литрі 210 теңге болады. 

Жанармай бағасының көтерілуі біртіндеп жүзеге асады, бірақ мемлекет оның күрт өсуіне жол бермейтінін айтты.
Министрлік бағалардың қымбаттауын бақылап отыр және жанармай құю станцияларының бағаны күрт көтеруі жағдайында монополияға қарсы агенттік әрекет етуге дайын. Сатқалиев, егер автожанармай құю бекеттері бағаны бірден 30 теңгеге арттырса, бұл мәселемен монополияға қарсы агенттік айналысатынын хабарлады.

Сонымен қатар, сұйылтылған газдың бағасы да аймақтық айырмашылыққа байланысты 64-98 теңге аралығында көтеріледі. Министр еліміздегі баға өсуінің бірінші кезеңі 2024 жылы өткенін айтып, алдағы уақытта бұл процестің жалғасатынын жеткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені көтеріп, Қазақстанда жанармай мен коммуналдық қызметтердің бағалары тым төмен екенін, ал ТМД елдерінде бұл көрсеткіштердің жоғары екенін атап өткен еді.

Фото: pixabay.com

"Автогаздың литрі 102 теңге"

1 ақпаннан бастап Қазақстанның түрлі қалаларында сұйытылған газ бағасы өседі. Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес, автогаз құю станцияларындағы баға келесі мөлшерде болады:

Астана, Алматы, Ақмола, Алматы облыстары, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Жетісу, Ұлытау және Абай облыстары – литрі 102 теңге (қазір 82-89 теңге);

  • Ақтөбе, Атырау облыстары – 77 теңге (қазір 59 теңге);
  • Жамбыл облысы – 90 теңге (қазір 78 теңге);
  • Батыс Қазақстан облысы – 77 теңге (қазір 70 теңге);
  • Қызылорда облысы – 90 теңге (қазір 70 теңге);
  • Маңғыстау облысы – 65 теңге (қазір 59 теңге);
  • Павлодар облысы – 102 теңге (қазір 81 теңге);
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 102 теңге (қазір 89 теңге);
  • Шымкент және Түркістан облыстары – 90 теңге (қазір 70 теңге).

Бұл өзгерістер 1 ақпаннан бастап күшіне енеді.

Электр энергияның бағасы өседі

2025 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстанда электр энергиясының бағасы көтерілуі ықтимал. Энергетика министрлігі 36 энергия өндіруші ұйымның электр энергиясының шекті тарифтерін түзету туралы өтінімдерін қарастырды. Сонымен қатар үш жаңа компания энергия өндіруші ұйымдар тізіміне қосылып, тарифтерді белгілеу ұсынысын жасаған.

Энергия өндіруші ұйымдардың тарифтері әртүрлі мөлшерде көтеріледі. Мысалы, "Екібастұз Мемлекеттік аудандық электр станциясы-1" ЖШС тарифі 2024 жылы 8,27 теңгеден 2025 жылы 9,50 теңгеге дейін өссе, "Еуразиялық энергетикалық корпорациясы" АҚ тарифі 7,98 теңгеден 8,48 теңгеге дейін көтеріледі. Кейбір ұйымдардың тарифтері 30 теңгеден асып кетуі мүмкін.

Фото: pixabay.com

Бұған қоса, электр энергиясының құны бірыңғай сатып алушы үшін шамамен 2 теңгеге қымбаттамақ. Бұл өсім коммуналдық қызметтердің бағасы мен инфляцияның әсерінен болады. Энергетика саласындағы кадр тапшылығы да мәселе туғызып отыр. 2024 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша энергетика саласында 52,5 мың қызметкер жұмыс істейді, бірақ штаттық деңгейі 57 мың, бұл 4,5 мың маман тапшылығына әкеледі.

Қымбаттаған көмір, газ, металл және жөндеу жабдықтары энергия өндіруші ұйымдардың шығындарын арттырған негізгі факторлардың бірі.

Алматыда суық суға арналған тарифтер өседі

Алматыда 1 ақпаннан бастап суық суға арналған тарифтер өседі. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департамент басшысы Әсел Буденеева хабарлағандай, сумен жабдықтаудың орташа тарифі 135,24 теңге/м³ болады, ал су айдаудың бағасы 83,54 теңге/м³ құрайды. Халық үшін сумен жабдықтаудың базалық тарифі 91,96 теңге/м³-ке дейін өседі, ал су айдауға – 83,54 теңге/м³ болады.

Сонымен қатар, басқа тұтынушылар мен бюджеттік ұйымдар үшін де тарифтер өседі. Мысалы, тұрғын үй ауданы 32 м² болатын бір бөлмелі пәтер үшін суық сумен жабдықтау 156 теңгеге, кәріз үшін 139 теңгеге өседі, ал 48 м² екі бөлмелі пәтер үшін 234 теңге және 208 теңге, 88 м² үш бөлмелі пәтер үшін 312 теңге және 278 теңге болады.

Сондай-ақ, тұтыну көлеміне қарай тарифтер өзгеретін болады: 1 адамға айына 3 м³ дейін базалық тариф 91,96 теңге/м³, 3-5 м³ – 110,36 теңге/м³, 5-10 м³ – 137,94 теңге/м³, 10 м³ және одан жоғары немесе есептегіштері жоқ тұрғындар үшін – 183,92 теңге/м³.

Жиналған қаражат ресурс үнемдеуші технологияларды енгізуге, жабдықтарды жаңғыртуға және желілерді жөндеуге жұмсалатыны хабарланды.

Фото: pixabay.com

Балалардың шотына Ұлттық қордан қаражат түседі

Ақпан айынан бастап кәмелетке толмаған балалардың арнайы жинақ шотына Ұлттық қордың табысы аударыла бастайды.

Ата-аналар бұл қаражаттың көлемін eGov.kz порталы арқылы жеке кабинетіне кіріп немесе Еnpf.kz сайтынан тексере алады.

"Ұлттық қор – балалар" бағдарламасына 2006 жылы және одан кейін туған, Қазақстан азаматтығы бар 18 жасқа толмаған балалар қатысады. Жиналған қаражатты тек 18 жасқа толған соң ғана пайдалануға болады.

Алдын ала есептеулерге сәйкес, 18 жыл ішінде баланың шотында шамамен 3,5 – 4 мың доллар жиналуы мүмкін. Ал биыл 18 жасқа толған азаматтарға 160-170 доллар шамасында қаражат аударылады деп болжануда.

Бағдарлама туралы толық ақпаратты төмендегі сілтеме арқылы біле аласыз.

Фото: pixabay.com

"AQYL" депозитін Отбасы банктен де ашуға болады

2024 жылдан бастап "AQYL" мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне Отбасы банк те қосылды.

Қазақстандықтар 1 ақпаннан бастап баласының оқуына қаражат жинау үшін "AQYL" депозитін осы банктен де ашуға мүмкіндік алды. Бұл депозит азаматтарға өз білімін немесе балаларының білімін қаржыландыруға көмектеседі. Жинақталған қаражатты Қазақстандағы немесе шетелдегі жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеу үшін пайдалануға болады.

"AQYL" білім беру жинақтау салымы кемінде 3 немесе 5 жыл мерзімге ашылады.

  • 3 жылға ашылған депозиттің жылдық мөлшерлемесі 12%.
  • 5 жылға ашылған жағдайда мөлшерлеме 9,5% болады.

Депозит ашу үшін ата-аналар бастапқы жарна ретінде 11 076 теңге (3 АЕК) салуы қажет.

"АQYL" мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі Қазақстанда 2013 жылдан бастап іске қосылған. Қазіргі уақытта бұл жүйеге төрт екінші деңгейлі банк қатысады.

Фото: pixabay.com

Оқушылар қысқы каникулға кетеді

Оқу-ағарту министрлігі қазақстандық оқушылардың қыста екі рет демалатынын мәлімдеді. Елімізде мектеп оқушылары қысқы каникулда 10 күн демалады. Мектеп оқушыларына қаңтарда және ақпанда демалыс беріледі. 

Екінші тоқсанда сегіз оқу аптасы бар. Қысқы демалыс он күнге созылады, яғни оқушылар 2024 жылдың 30 желтоқсаннан 2025 жылдың 8 қаңтарға дейін демалады. Сондай-ақ бірінші сыныптарға қосымша демалыс беріледі. Ақпандағы демалыс 2025 жылғы 10 ақпаннан 16 ақпанға дейін жалғасады.

Үшінші тоқсан – оқу жылындағы ең ұзақ тоқсан. Үшінші тоқсанда 10 оқу аптасы бар. Көктемгі демалыс наурыз айына жоспарланып отыр. Ол 21 наурыздан 31 наурызға дейін 10 күнге созылады.

Сонымен қатар, 10 ақпанға дейін Біріккен ұлттық тестілеу жалғасады. Оған 167 мың адам қатысуға шешім қабылдады. Қаңтардағы БҰТ-қа тек ақылы негізде жоғары оқу орнында оқығысы келетіндер қатысады.

Фото: shkolaveka.ru

Beeline мен Tele2 абоненттік төлемдерді өзгертпек

Tele2 11 ақпаннан бастап тарифтерді көтереді: өзгерістер “Тиімді” – 2 790”, ““Тиімді” – 3 590", “Тиімді” – 4 590” және “Тиімді” – 5 590” тарифтеріне қатысты болады. Абоненттік төлем 1 000 теңгеге қымбаттайды. Бірақ ұсынылатын қызметтердің көлемі (ГБ және минут саны) артады.

Beeline 15 ақпаннан бастап кейбір абоненттер үшін қызметтер құнын арттырады. Өзгерістер шамамен 30 тарифті қамтиды: баға 500-1000 теңгеге көтеріледі. Бірақ тарифтердің негізгі құрамдас бөліктері өзгермейді. Кейбір жағдайларда бонус ретінде қосымша қызмет көлемдері қосылады.

Айта кетейік, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Кселл, Tele2/Altel және Beeline ұялы байланыс операторларына қатысты тергеп-тексеруді бастады. Себебі аталған операторлар 2023 жылы тарифтердің бағасын өзара келісіп, көтеріп жіберген. 

Фото: depositphotos.com

Қазақстан мен Ресей арасындағы екі өткізу пункті жұмысын тоқтатады

Ақтөбе облысындағы “Әлімбет" және Батыс Қазақстан облысындағы "Сырым" өткізу пункттері 16 айға жабылады. Себебі, оларда жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты Ресейдегі "Ор" және "Маштаково" өткізу пункттері де жабылады.

Шекараны "Светлый" (тек Қазақстан мен Ресей азаматтары үшін), "Теплое" (тек Қазақстан мен Ресей азаматтары үшін), "Ілек" және "Сагарчин" өткізу пункттері арқылы кесіп өтуге болады.

Фото: pixabay.com

Спортшылар Азия ойындарына қатысады

Қазақстандық спортшылар ақпанның 7-14 аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарына қатысады. Ойындарға еліміздің атынан 137 спортшы қатысады. Хоккейден ерлер мен әйелдер командалары топтық кезеңдерге 3 және 4 ақпанда шығады.

Фото: pixabay.com

Талқылау