"Жанар-жағармай тасымалдаған": Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан 450 метрлік туннель табылды
Түркістан облысында халықаралық ынтымақтастықпен ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолы кесілді. Бас прокуратура мәліметінше, мұнай өнімдерін контрабандалық жолмен тасымалдауға арналған туннель табылып, жойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҚР Бас прокуратура
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстауды Түркістан облысы прокуратурасы мен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттері жүзеге асырды.
Бас прокуратура мәліметінше, бір топ адам қазақ-өзбек шекарасында ұзындығы 450 метрлік туннель салған. Осылайша туннель арқылы күн сайын 5-7 тонна жанар-жағармай тасымалданған. Заңсыз әрекет екі айға жуық жалғасқан.
Тексеру нәтижесінде қылмыстық топтың барлық мүшелері анықталды. Оның ішінде Өзбекстан азаматтары да бар.
Осыған ұқсас іс-шаралар Өзбекстанның құқық қорғау органдарымен мемлекеттік шекара аймағында жүргізілді.
Сондай-ақ экспортқа шығарылатын жанар-жағармай үшін көрші мемлекеттен ақша аудару схемасы анықталды. Қазақстанда да, Өзбекстанда да трансұлттық қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның мегаполистері мен алты облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 50 мүшесі ұсталғаны туралы жазған едік.