Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Неге мен оны құтқарып қала алмадым?” Дина Төлепберген марқұм Жанар Хамитоваға қатысты өкінішін жеткізді

Дина Төлепберген марқұм Жанар Хамитованы еске алдыФото: Видеодан скриншот

Танымал тележүргізуші Дина Төлепберген Тимур Балымбетовке берген сұхбатында марқұм әнші Жанар Хамитованы еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тележүргізуші сұхбат барысында әлі күнге дейін есінен кетпейтін, шешімін таба алмай қалған кейіпкерлер туралы әңгіме қозғады. Ол өзін Жанар Хамитованың тағдыры әлі де ойландыратынын жеткізді.

“Біз Жанарды тойханада ыдыс жуып жатқан кезінде кезіктіріп, тойға шығардық. Ол кезде Жанар шын мәнінде көмекке мұқтаж болды, себебі қалтасында ақшасы болмады. Эфирге шығарғаннан кейін оның тағдыры өте тез өрбіп кетті, тіпті өзім аңдып үлгермей қалдым. Оған продюсер табылды, концерт берді”, – дейді ол.

Дина Төлепберген эфир кезінде халықты Жанар Хамитованы сынамауға шақырмағанына өкінетінін ашық айтты.

“Бірақ мұның сыртында адамдар “Неге екі балаңды күйеуіңе қалдырдың? Сен жақсы ана емессің, безбүйрек анасың” деген үлкен сын тақты. Мен ойланамын, егер мен сол кезде бір ғана тұсын, яғни жоқшылығын көрсетіп, балаларға қатысты мәселесін айтпағанымда немесе эфирде тұрып “Бұл безбүйрек ана емес, күйеуімен арасында осындай шарт болған екен. Негізі әрбір баланың кіммен бірге тұруға таңдауға құқы бар ғой, демек біз баланың таңдауын құрметтеуіміз керек. Біз ол үшін Жанарды жазғырмайық, қазақ елі” деп айтуым керек пе еді деп ойлаймын. Бәлкім, осы сөздер оны құтқарып қалар ма еді деп те ойлаймын”, – деді ол.

Журналист Жанар Хамитованың өзге де бағдарламаларға қатысқанын, сол тұста эфирлік этика мүлде сақталмағанын айтты. Оның сөзінше, әнші мұның бәрін көтере алмаған.

“Біздің бағдарлама жазғы демалысқа шыққаннан кейін оны көп бағдарлама шақырды, сөйтіп ол бағдарламалар этикадан жұрдай болды. Ол осының бәрін көтере алмай өз-өзіне қол жұмсады, бірақ айналып қарасақ, ең алғаш эфирге шығарған мен. Әрине, оның өліміне себепкер болған мен емес, десе де өзіме “Неге мен оны құтқарып қала алмадым?” деп сұрақ қоямын”, – деді ол.

Тележүргізуші өкінішін жасырмады.

“Бәлкім, жылы сөзбен демеп жібергенде құтқарып қалуға болар ма еді. Тағы да атап өтетін жайт, үлкен психологиялық жағдай бар, өйткені мамандар Жанардың бойында ауру тапқан еді. Біз психологиялық орталықпен келісіп, ем-домын қабылдау керек еді. Алайда ол бір-екі қабылдауға барып, кейін бармай кеткен, мен бұл туралы Жанардың қазасынан кейін ғана білдім”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Дина Төлепберген Қазақстан президенттігіне кандидат боламын деп шешкені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 06 Наурыз, 2026 14:12