Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңаөзендіктер жарықтың өшкеніне қарсы шығып, жолды жауып тастады

жаңаөзен

Видеодан скриншот

16 шілдеде Жаңаөзенде кәсіпкерлер электр қуатының үзілуіне наразылық білдіріп, жолды жауып тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Шаңырақ" базары мен "Заңғар" сауда орталығында павильондарды жалға алған саудагерлер электр қуатын тез арада қалпына келтіруді талап етті. 

Куәгерлердің айтуынша, жарықтың өшуі жұмыс күнінің ортасында болған. Салдарынан сауда тоқтап, тамақ бұзыла бастаған. Жаңаөзен қаласының әкімдігі жағдайға қатысты түсініктеме берді. Мәлімдеуінше, жарықтың өшуіне "Городская" қосалқы станциясындағы апат себеп болды.

"Оқиғаның себебін анықтау үшін "Өзенэнергосервис" коммуналдық кәсіпорны шұғыл түрде кабель желісін тексеріп, қысқа тұйықталуды тіркеді. Жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды, электр қуатын беру қалпына келтірілді", – деді Жаңаөзен әкімдігі.

Әкімдік сауда нысанының иесі жалға алу шарттарына, оның ішінде техникалық қолдауға жауапты екенін баса айтты. Құзырлы органдар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кәсіпкерлер жұмыс орындарына оралды.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 16 Шілде, 2025 22:24
Талқылау