Жаңаөзенде балабақшадағы былықты видеоға түсірген тәрбиеші жұмыстан қуылды
Жаңаөзендегі балабақшалардын бірінде дау шықты. Бұған бүлдіршіндердің бір төсекте екі-үшеуден жатып, кезекпен тамақтанатыны түсірілген бейнеролик түрткі болған. Ал видеоны бала күтуші түсіріп, ғаламторға жариялапты. Ол мұндағы кішкентайлардың санының көптігінен осындай қадамға баруға мәжбүрміз дейді. Алайда мекеме басшылығы өз қызметкерлерінің бұл сөзін теріске шығарды, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Жаңаөзендегі №13 балабақшаның қызметкері жариялаған мына видеода, балалардың бір төсекте екеуден жатқаны, оларға екеуара бір ыдыс берілетіні көрініп тұр. Автордың айтуынша, материалдық тапшылық осындай жағдайға мәжбүрлеген. Бұл келеңсіздікке төзбеген бала күтуші мекемегі былықты әшкере етуді жөн деп тауыпты.
Алайда мекеме басшылығы мен өзге қызметкерлердің айтуынша бұның барлығы жалған екен. Бейнетаспадағы көрініс қасақана жасалған қойылым деп ақталды. “Барлығы жақсы, барлығы жеткілікті.Әр топта 20 баладан 20 тәрелкесі, 20 қасығы, ыдыстары барлығы жеткілікті”, – дейді балабақша әдіскері Гүлнар Жолмағамбетова.
Балабақшадағы бұл жанжал облыстық білім басқармасындағыларға да жетіпті. Олар видео авторы мен мекеме директорының жұмыстан қуылғанын айтты. Әйтсе де, құрал-саймандардың жетпей қалуы мүмкін емес деп отыр. Ал дау жеке бас араздығынан болған көрінеді.
“Білім басқармасының тапсырмасымен дереу Жаңаөзен қаласына шықтық. Барып зерттеп жағдайды қарадық. Басшысымен және де ұжымымен сұхбаттастық. Басшы мен тәрбиешінің арасындағы келіспеушілік болған”, – дейді Маңғыстау облысы білім басқармасының қызметкері Сұлу Еламанова.
Шенеуніктердің айтуынша, істің анық-қанығы толық тексерістен соң белгілі болады. Ал жетіспеушілік расталған жағдайда бірнеше жыл бұрын ғана ашылған балабақшаның басшылығы қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Жіберіп алмаңыз:
Ақтөбеде жігіттерді әскерге жіберу үшін пара алған полковник ауыр жазадан оңай сытылып кетті
Маскүнем дәрігерлерге ем-домды қалай дұрыс жүргізу керектігін түсіндірді
21 жастағы студент болашақта тек танымал адамға тұрмысқа шыққысы келетінін айтты
Күйеуі белдікпен сабаған жүкті әйел төркініне қайтуға ұялып жүр