Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңадан сайланған депутаттар жеке кабинеті мен қымбат пәтерін көрсетті

Жаңадан сайланған 107 депутат жеке кабинеттеріне жайғасып үлгерген. Қазір Парламент әкімшілігі халық қалаулыларының құжаттарын жинап, қызметтік пәтерлерін де әзірлеуде. Ал, уақытша баспанасыз жүрген мәжілісмендер Астанадағы бесжұлдызды қымбат қонақүйде тұрып жатыр, – деп хабарлайды “КТК” арнасы.

668778989

Мәжілістің дәлізінде таңнан бері абыр-сабыр болып жатыр. Жұмысқа жаңадан кірісіп жатқан депутаттар жеке кабинеттеріндегі жиһаздарды ауыстырып әлек. Қызылордадан бір жүгін әкелмеген су жаңа депутатқа экс-мәжілісмен Оразкүл Асанғазының кабинеті бұйырыпты.

“Кабинетте жұмысқа керек негізгі заттың бәрі бар. Қазір мен жалпы отырысқа қызу дайындалудамын. Демалыссыз заң жобаларымен танысып жатырмын. Жеке ұсыныстарымды дайындап та қойдым”, – дейді Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева.

30 жыл педагог болған Наталья Жұмаділдаева киім үлгісін ауыстырмайтынын айтқан. Геннадий Шиповских та жеке кабинетін көрсетіп мақтанды.

“Көмекшім. Бұл жігіт қазір жұмыстарымен жүріп жатыр. Ауысу барасында. 1-2 күнде тағайындалады ол жігіт. Енді бері қарай келсеңіздер, менің жеке кабинетім. Өздеріңіз көріп тұрғандай, осы қазіргі таңда жұмыс барысына кірісіп жатырмыз. Бұл жерде құжаттар, документтеріміз жұмыс барысында дайындалып жатқан”, – дейді Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских.

Машинистің көмекшісі болып жүрген жерінен Мәжілістен бір-ақ шыққан Геннадий Шиповских өзімен бірге қазақ тілінде жазылған кітапты ғана ала келіпті. Уақыты өте тығыз, кеудесіне депутаттық төсбелгісін тағып, партияның алғашқы фракциялық отырысына асықты. Ал, қайта сайланған ескі депутаттар сол бұрынғы жұмыс орындарында отыр. 80-ге таяп қалған коммунистер көсемі қайтып келетініне сенімді болса керек, 5-ші шақырылым тарағанда кабинетіндегі жеке заттарын жинастырмаған да.

“Қонаевтың портреті. Димаш Ахметұлына 100 жыл толғанда тапсырыс беріп салдыртқанмын”, – дейді Мәжіліс депутаты Владислав Косарев.

Косарев кабинетінде тұрып, биыл ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін жаппай сатуға шығарғалы жатқан Үкіметке қарсылық білдіретінін айтқан. Бұрынғы депутаттардың барлығы осы Нұрсаядағы баспаналарында тұрып жатыр. Мәжілісмендердің қызметтік көліктері де дайын. Кез-келген уақытта жүргізушіні шақырта алады.

Жаңадан сайланған депутаттар әзірге қызметтік пәтерлерге жайғасып үлгерген жоқ. Аймақтардан көшіп келгендері Астанадағы  бесжұлдызды қытайлық қонақ үйде мемлекет есебінен тұрып жатыр. Бұл элиталық қонақүйде бір күн түнеп шығу 120 мың теңге. Бюджетке шығын болмасы үшін, мұндағы халық қалаулыларының құжаттары дайын болғанда, олар да тегіс “Нұрсаяға” көшеді.

Естеріңізге сала кетсек, қобалжыған депутаттың ант беру кезінде елбасы отырған төралқаға шығып кете жаздағаны туралы хабарлағанбыз.

Талқылау