Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жанәбіловтер ісі: Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртаза куәгер ретінде шақырылды

Жанәбіловтер ісі: Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртаза куәгер ретінде шақырылдыФото: instagram.com/zhanabylov_e

Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртаза сотқа шақырылды

Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс аясында елорда сотына басқа да танымал инфлюенсерлер – Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртаза куәгер ретінде шақырылды.

Айыпталушы Эльмира Төлегенованың айтуынша, аталған блогерлер де олармен қатар немесе кейін ұтыс ойындарын өткізген болуы мүмкін. Алғашында тараптар Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртазаның Алматыда болғандықтан, сот отырысына онлайн қатысатынын болжаған. Алайда адвокат Гаухар Айтжанова олардың Астана сотына жеке келуін талап етті.

“Ұшақтар әр 30 минут сайын ұшады, сондықтан олардың келгені дұрыс болады”, – деді адвокат.

Кейін Дархан Жолшыбектің сырқаттанғаны туралы анықтама ұсынғаны белгілі болды. Соған қарамастан адвокат оның сотқа қатысуын қанша уақыт болса да күтуге дайын екенін айтты.

Судья мемлекеттік айыптауға ескерту жасады

Сот басталар алдында айыпталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанова 16 наурыздағы отырыстан кейін прокурордың БАҚ-қа берген мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, прокурор журналистерге “218-баптың 2-бөлігі айыппұлды қарастырмайды, тек бас бостандығынан айыру жазасы бар” деген. Алайда адвокат бұл мәлімдеме заңға сәйкес келмейтінін, аталған бапта айыппұлды қоса алғанда баламалы жаза түрлері қарастырылғанын айтты.

Айтжанова прокурордың кейінгі пікірінде айыппұл салу мүмкіндігін айтқанымен, оның мөлшерін дұрыс түсіндірмегенін атап өтті. Оның сөзінше, айыппұл 3 мыңнан 7 мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) белгіленеді, ал прокурор оны заңсыз жолмен алынған сомаға еселенген түрде көрсеткен.

Сонымен қатар адвокат мүлікке салынған тыйым туралы да қайшылықтарға назар аударды. Оның айтуынша, іс материалдары бойынша айыпталушылардың атына тіркелген жылжымайтын мүлік жоқ деп көрсетілгенімен, 2025 жылғы 13 қазанда Қаржылық мониторинг агенттігінің қаулысымен олардың тұрып жатқан үйіне тыйым салынған.

Адвокат мұндай мәлімдемелер қоғамда теріс пікір қалыптастырғанын айтты. БАҚ-та миллиардтаған айыппұл мен 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы ақпарат таралып, қоғамда негізсіз реакция тудырған. Осыған байланысты ол соттан прокурорға ресми ескерту жасап, мұны хаттамаға енгізуді сұрады.

Прокурор Олжас Хайруллаев өз кезегінде бастапқы пікірінде қателік кеткенін, кейін оны түзеткенін алға тартты. Оның сөзінше, журналистер сұрағына жауап бергенде санкцияны шатастырып алған. Кейін нақтылап, айыппұл 150 мың АЕК болуы мүмкін екенін жеткізген.

Судья Әділбек Баймаханов бұл жағдайға қатысты прокурорға ескерту жасады.

“Журналистерге жауап бермес бұрын ойланып алу керек. Егер білмесеңіз, бірден жауап берудің қажеті жоқ”, – деді.



Куәгер өзінің еңбекақысын кім төлегенін білмейді

Сондай-ақ бүгінгі сот отырысында блогерлерге мобилограф болып жұмыс істеген Сара Қымбатова куәлік берді.

Куәгер Ерболат Жанәбіловке арналған бейнетүсірілім мен монтаж жұмыстарын жүргізген. Оның сөзінше, видеоларды өзі түсіріп, өңдеген, ал блогер оларды әлеуметтік желілерде жариялаған. Қымбатова еңбекақысын банк картасына алғанын, алайда төлемнің Жанәбіловтің жеке атынан ба, әлде компания арқылы жасалғанын нақты білмейтінін айтты.

Куәгер айыпталушылармен шамамен 3-4 ай жұмыс істегенін, түсірілімдер кеңседе емес, түрлі орындарда өткенін жеткізді. Ал автокөлік пен смартфон ұтыстарына қатысты негізгі сұрақтарға жауап бере алмады. Ол мұндай видеоларды түсірген-түсірмегенін, сыйлықтарды курс басталғанға дейін көрген-көрмегенін және қанша материал дайындағанын есіне түсіре алмады.

Сара Қымбатова қорғаушының сұрақтарына жауап бергенде жоғары білімі бар екенін және тек қазақ тілін білетінін алға тартты. Сондай-ақ Жанәбіловтер отбасымен бес жылдан астам уақыттан бері таныс екенін, олардың әлеуметтік желілерде отбасылық құндылықтарды көрсетіп жүргенін атап өтті.

Сонымен қатар куәгер ұтыс ойындары әділ өткен деп есептейтінін және жеңімпаздар арасында жалған адамдар немесе туыстар болмағанын жеткізді. Алайда ол бұл тек өзінің жеке пікірі екенін, нақты дәлелдерге емес, болжамға негізделгенін мойындады.

Қымбатова айыпталушыларда лотерея өткізуге лицензия болған-болмағанын білмейтінін, сондай-ақ сыйлықтарды табыстау сәтін түсірген-түсірмегенін есіне түсіре алмады. Оның сөзінше, сыйлық тапсыру туралы ақпаратты Instagram желісінде Ерболат Жанәбіловтың парақшасынан көрген.

Сот отырысы барысында прокурор куәгердің жауаптарында қайшылықтар бар екенін атап өтті. Бұған қоса, тек қазақ тілінде сөйлейтінін айтқан Сара Қымбатованың бұған дейінгі жауабы орыс тілінде рәсімделгені белгілі болды. Куәгер хаттамаға қол қойғанын растады, бірақ оған тек қол қою ұсынылғанын жеткізді.

Қорғау тарапы жауап алу кезінде заңбұзушылықтар болуы мүмкін екенін айтып, өтініш білдірді. Алайда прокурор бұл өтінішке қарсы шықты. Қазір бұл айғақтардың жарамдылығы мәселесін сот қарастырып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін блогер Жанәбіловтер отбасы ұйымдастырған 10 көлік ұтысы дау туғызғанын жазған едік. Қаржы мониторингі агенттігі ұтыс заңдылығын тексеруге кірісіп, материалдар туризм министрлігінің "Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне" жолданды. Артынша, туризм және спорт министрлігі Instagram әлеуметтік желісіндегі "Zhanabylov_e" және "elt6i" аккаунттарында өткізілген бағалы сыйлықтарды ұтысқа салуға қатысты мәлімдеме жасаған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 18 Наурыз, 2026 13:13