Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жаңа туған нәрестені тоңазытқышқа салып өлтірген": Атырау облысында перзентхана дәрігерлер айыпталды

Атыраудағы облыстық перинаталдық орталық басшысы жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты күдіктеліп отыр. Директордың бұйрығы бойынша нәрестені тоңазытқышқа салып қойған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдола мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі. 

сәби

Шыңғыс Қабдоланың сөзінше, арнайы шұғыл амалдардың барысында перзентханадағылардың салғырттыққа жол беріп, жаңа туған нәрестені өлі туылды деп рәсімдегені анықталған. Алайда бұл кезде нәресте тірі болған екен. 

«Нәрестенің тірі екені білінгенде, дәрігерлер мүмкіндігі бола тұра, шұғыл шаралар қабылдаудың орнына, рәсімделген құжатқа сәйкес әрекет етуді ұйғарып, нәрестені өлімге қиған. Дәрігердің мұндай әрекетінің себептерінің бірі – базадағы құжаттардың толтырылып қоюы. Оны қайта түзетуге болмайды екен», - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары брифинг барысында.

Оның айтуынша, оқиғадан кейін Қылмыстық кодекстің «Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы» бабы бойынша іс қозғалған. Іс бойынша перзентхана басшысы мен әйелді босандырған акушер-гинеколог күдікті ретінде өтуде. 

Айта кетсек, нәрестенің өлімі туралы өзге тергеудің барысында белгілі болды. Бастапқыда аталған перзентхананың басшысы сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталған еді. 

Қабдоланың мәліметіне қарағанда, перзентхана басшысы демеушілердің ақшасына шетелге демалуға кеткен. Шұғыл амалдар кезінде перзентхана басшысының телефон арқылы нәресте туралы айтқаны анықталған. 

«Біз бірден оқиға орнына бардық. Алайда уақыты бойынша үлгермедік. Нәресте тоңазытқышта көз жұмған. Бастапқыда басқа дерек бойынша жұмыс істеген едік, бірақ арнайы шұғыл шаралардың барысында осы деректі анықтадық», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Атырау облысында перинаталдық орталық басшысы босанушы әйелдің өлімі дерегі бойынша оң сараптамалық қорытынды беру үшін, Атырау облысындағы сот-медициналық сараптама институты мемлекеттік мекемесінің басшылығына 300 мың теңге көлемінде пара берді деп күдіктелген еді.

Талқылау