Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа Конституцияда да орыс тілі бұрынғыдай ресми тіл мәртебесінде қалды

ақорда қазақ тіліФото: pixabay.com

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов жаңа Конституция жобасында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде нақты әрі айқын бекітілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі бекітілді. Ал орыс тілі бұрынғысынша ресми тіл мәртебесінде қалды.

"Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының біртұтас халқының тілдерін үйрену мен дамытуға жағдай жасауға қамқорлық көрсетеді", – делінген жоба мәтінінде.

Осылайша, мемлекеттік тіл мәртебесі қазақ тілінде сақталып отыр.

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бүгінгі отырысында мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, қоғам тарапынан мемлекеттік тілдің мәртебесі жөнінде сұрақтар көтерілгенімен, жаңа Конституция жобасында бұл мәселе айқын әрі нақты көрсетілген.

“Азаматтардың бір бөлігі мемлекеттік тілдің мәртебесіне назар аударды. Алайда жаңа Конституция жобасында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде анық әрі бірмәнді түрде бекітілгенін ерекше атап өткім келеді”, – деді Жандос Шаймарданов.

Айта кетейік, Конституциялық реформа аясында негізгі заңның бірқатар норманы жаңарту және нақтылау көзделіп отыр.



Еске салайық, бұған дейін жаңа Конституция жобасы туралы жалған ақпарат таратқан қазақстандық жауапқа тартылғанын жазған. Алматы қалалық аудандық әкімшілік сотының қаулысымен А азаматтық жауапқа тартылып, жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.

STAN.KZ
Сейсенбі, 03 Ақпан, 2026 17:27