Жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешімді халық референдумда қабылдайды – Тоқаев

Мемлекет басшысына Конституциялық комиссия жұмысының нәтижелері жөнінде ақпарат берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Әзімованы, комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин мен комиссия мүшесі Ержан Жиенбаевты қабылдады.
Эльвира Әзімова Комиссияның осыған дейін өткен отырыстарындағы талқылау барысында Конституцияның түбегейлі жаңа мәтіні әзірленгенін баяндады.
Комиссия мүшелері жаңа преамбуланың, бірқатар баптар мен бөлімдердің мазмұны тұтас конституциялық моделді айтарлықтай жаңғыртуға, саяси және қоғамдық институттарды жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге негіз болатынын атап өтті.
-
Конституция жобасында президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптар белгілі болды
-
Қазақстанда балалар ата-аналарына қамқорлық жасауға міндеттелмек
Осыған байланысты Комиссия мүшелері аталған жобаны Конституцияның жаңа нұсқасы ретінде қарастыру және оны халықтың назарына ұсыну үшін жариялау қажет екенін жеткізді.
Өз кезегінде Конституциялық комиссия жаңа Ата Заңның жобасы бойынша жұмыстарды жалғастыра береді.
Президенттің пікірінше, Конституциялық комиссия ауқымды жұмыс атқарған.
Мемлекет басшысы Конституцияның жаңа нұсқасын халықтың қарауына шығару маңызды екенін айтты.
Кездесу соңында Президент жаңа Конституция туралы түпкілікті шешімді қазақстандықтар республикалық референдумда қабылдайтынын тағы да атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Конституциясы толықтай қайта жазылып, 84% өзгеріс енгізілетінін жазған едік. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды. Жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында қатар пысықталып жатыр. Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, мамандар Конституцияның нормаларын дұрыс жазу, мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды, сондай-ақ түсініксіздіктерді болдырмау бойынша үлкен жұмыс атқарды.
Алайда кейін Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Конституцияға жекелеген түзетулер енгізу жеткіліксіз және Конституцияны тұтастай өзгертуді ұсынды. Артынша еліміздің жаңа Конституциясының жобасы таныстырылған еді.