“Super Той” комедиясының жабық көрсетілімі өтті
Алматы қаласында қазақстандық “Super Той” комедиясының жабық көрсетілімі өтті. Аталған туынды 21 сәуірден бастап отандық кинотеатрларда көрсетіледі.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Фильм 2015 жылдың күз маусымында Алматы қаласында түсірілген. Бастапқыда ағымдағы жылдың ақпан айында көрсетілмек болған. Алайда продюсері мен режиссері атышулы голливудтық премьералар көрсетілмейтін уақытты таңдауға тырысқан екен. Мұнымен қатар, продюсер аталған картинаның бюджетін жасырып қалуды жөн көріп, тек барынша үнемдегенін айтты.
“Егер мен қанша қаражат жұмсалғанын ашып айтар болсам, қазақстандық киноға инвестор болғысы келетіндердің саны бірден артып кетеді. Бір шетінен көз тиіп кете ме деп қорқамыз. Бірақ барынша үнемдеуге тырысқанымыз анық. Тіпті басты рөлді сомдайтын жігітті бүгінгі кештің жүргізушісі етіп тағайындадық”, – дейді комедиялық фильмнің продюсері Арманжан Байтасов.
Фильмнің сюжетіне келер болсақ, Дамир мен Сәуле балаға бола отбасын құруға мәжбүр болады. Сәуленің боксшы ағасы бар екенін білетін Дамирдің үйленбеске амалы қалмайды. Осылайша қыз бен жігіт тойдың қамына кірісеміз деп түрлі қиындыққа тап болады.
Басты рөлдерді Арыстан Әбділдаев пен Элина Шакеева сомдайды. Бұл актрисаның дебюттік рөлі екен. Мұнымен қатар, Динара Бақтыбаева, Нұрлан Батыров, Ақбар Жармағамбетов сынды актерлер бой көрсеткен.
“Мен алғаш рет “Қыз бен жігіт” романтикалық комедиясында басты рөлді сомдадым. Сондықтан Элинаның қалай қобалжығанын жақсы түсінемін. “Нархоз” фильміне түсіп жатқан кезде Еркен Кубашевпен кездесіп, ол мені аталған туындыға атсалысуға шақырды. “Динараның қолынан бұл рөлді алып шығу келеді” деп ойласа керек. Өзім сомдайтын кейіпкерге келсек, ол мінезі ұшқалақ, ақылға еш бағынбайтын бойжеткен”, – дейді Динара Бақтыбаева.
Актерлер өзара құрдас болғандықтан, түсірілім алаңында бір-бірімен жақсы түсініскен. Тіпті, режиссердің көзіне түсу мәселесін ұмытып, тәжірибелерімен бөліскен.
“Бұл – менің басты рөлді сомдаған алғашқы картинам. Осыған дейін мен Жасұлан Пашановтың “Шлагбаум”, “Марокко” сынды фильмдерінде кішігірім рөлдерді сомдап жүрдім. Айтарлықтай тәжірибе жинап үлгердім. Бұл жолы түсірілім алаңында барлығымыз жас актерлер болғандықтан, бір-бірімізге көмектестік. Динара Бақтыбаева да өзінің тәжірибесімен бөлісті”, – дейді басты рөлді сомдаған Элина Шакеева.
Туындының режиссері – осы уақытқа дейін “Бақыт бөлшегі” фильмі арқылы танылған Ғалым Асылов. Ал сценарий авторлары – Андрей Ходин мен Еркен Губашев.
“Біз түсірген 120 көріністің фильмге тек 70-і кірді. Бірінші кезекте өзімізге күлкілі болуын қадағаладық. Өйткені біз күлсек, көрермендердің де сөзсіз күлетіні анық”, – дейді Губашев.
Жіберіп алмаңыз:
Сәуір айында отандық кинотеатрлардан көрсетілетін үздік фильмдер