Жамбыл облысында мал жұмбақ жағдайда қырылып жатыр
Байзақ ауданында екі аптаның ішінде 11 бас ірі қара өлген. Ауруға шалдыққандары да аз емес. Шығынға батқан шаруалар оның себебін шегірткеге қарсы себілген дәрі-дәрмектен көріп отыр. Өйткені сол улы дәріден соң төрт түлік шетінен сұлай бастапты. Ал ветеринарлар бұған қатысты тұшымды ештеме айта алмады, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Сурет: BNews.kz
Кеңес ауылына жақын Көделі жайлымының сай-саласында жануарлар сеспей қатып жатыр. Тек соңғы екі апта ішінде бір ғана шаруа қожалығынан 7 бас жылқы құлынымен және бір сиыр бұзауымен арам өлген. Ал, бүгін ауырып жайлаудан әкелінген бие пышаққа түсіп отыр. “Іші шарбақтай болады. Небір ішектер шығады ішінен. Ештеме жемейді. Суды ішкенде жалайды да қояды. Арам қатып көбеліде жатыр”, – дейді Кеңес ауылының тұрғыны Жұпаркүл Әлімбетова.
Ауылдықтар жылқының неден өлгенін нақты білмегендіктен оның етін де алғысы жоқ. Сондықтан мал иесі жануардың етін 40 жілікке бөліп, тек ет жақындарына таратуға мәжбүр. Белгісіз дерт әлі талай шаруаны шығынға батыратын түрі бар. Өйткені ауырып, қорада тұрған мал көп. “Екі мал өлді . Біреуі бүгін түнде өлді. Бір апта болған ауырғанына. Сейсенбі күні қанын алып қан жібердік ауданға. Нәтижесі әлі жоқ”, – дейді Кеңес ауылының тұрғыны Сейсенбай Қотанбаев.
Мына көделі жайылымының 20 гектар алқабына аяқ басқан жан-жануар арам қатады дейді шаруалар. Айтуларынша, осыдан бір ай бұрын қаптаған шегірткелерді өлтіру үшін дәрі-дәрмек себілген екен. Алайда жағдай керісінше болды дейді малшылар. Яғни, зиянкестердің көзі жойылудың орнына көбейіп кетсе, уланған аумаққа жайылған төрт түлік қырылып жатыр екен. Мәселен мына жылқы өрісте жүріп өлген. Арам қатқандықтан етін де жеуге жарамсыз.
Ал, құзырлы орындар әзірге нақты ештеңе айта алмауда. Сөздеріне сенсек, сараптама қорытындысын күту қажет. Бірақ, тексеру нәтижесі шықпаса да, мамандар аурудың жұқпалы еместігін біліп қойған. “Жұқпалы емес.Шөптен де болуы ықтимал. Шегірткеге дәрі шашыпты одан да болуы ықтимал. Қазір енді жағдай жасалып жатыр. Тексерілуде бәрі”, – дейді Жамбыл облыстық ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров.
Енді берер күнде малдың неден өлгені белгілі болады. Егер жануарлар шегірткені улауға себілген дәріден қырылса, онда шаруаларға өтемақы берілмек. Егер дерттің себебі басқа да болса, көк тиын өндірілмейді.
Астанада танымал профессордың отбасы өрттен көз жұмды
Шымкентте Иегова куәгерлері облыстық мешіттің имамын өз қатарларына шақырған