Жамбыл облысының ауыл тұрғындары жерінен айырылып қалудан қорқады
Жамбыл облысындағы ауылда жер дауы шықты. Айтуларынша, құзырлы органдар пай үлесін алып отырған тұрғындардың жер телімдерін басқа біреуге бергісі келеді. Наразы ауыл халқы аудан прокуратурасының алдына жиналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Бес жыл бұрын бүкіл ауыл жерін бір шаруаға беруге келіскен. Сол үшін үлес алып, астыққа кенеліп жүрген. Бірақ, бұған дейінгі жер иеленуші көптің жерін қайтару үшін соттасады.
“Тыныштық беріп жатқан жоқ. Жылда соттасамыз. Соттың бәрін жеңіп алдық. Енді қайтадан сотқа берді. Прокурор ауысқан сайын соттасамыз. Не деген масқара? Бұл халықтың жері ғой. Жерімізді неге алу керек? Бұлар бірлікті қалай ма, бүлікті қалай ма? Түсінбеймін. Жерді ешкімге бермейміз”, – деді Көгершін ауылының тұрғыны Есенбай Пірімбетов.
Сөздерінше, сот шешімі шықса да, оның тергеуі бітпеді. Олар мұны бұрынғы жер иеленушінің қызы прокуратурада істегенімен байланыстырады.
“Меркіден прокурордың орынбасары келіпті. Сол прокурордың орыбасары келіп, біздің жерді қайтадан тартып алып, соған бергісі келеді. Бізден қалай тартып алады? Бұл елде заң бар ма? Жыл сайын осы. Шаршадық. Бүкіл ауыл болып жабыламыз”, – деді көгершіндік тұрғын Меделбек Биғалиев.
Іс жуырда қайта қозғалыпты. Ауыл тұрғындарын қайта-қайта тергеуге шақырып жатыр дейді.
“Егембетов Түзелдің қызы Егембекова Сәуле деген әріптесіміз. Әріптес екені бізге өтірік емес. Менің орынбасарыммен Меркі аудандық прокуратурасында істегені өтірік емес. Бірақ қорғап жатыр деген өтірік. Сол үшін әр өсекке сенбеуіңізді өтініп сұраймын. Соттың шешімі тұр. Қазақша айтқанда нүктесі қойылды”, – деді Тұрар Рысқұлов ауданының прокуроры Болат Қалыбаев.
Аудан прокуроры даулы мәселені көтеру өнбейтін іс екенін жеткізді. Заңды жерлерін тұрғындардың кімге, қашан, қалай беретіні өз құқықтары деп отыр.