Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мереке күндері болғандықтан уақытында ем жасалмаған": Жамбыл облысындағы ұлттық ұланның жұмбақ өлімі туралы тың ақпарат шықты

Жамбыл облысындағы ұлттық ұланның жұмбақ өлімі туралы тың ақпарат шықтыФото: Марқұмның жақындары жіберген

Жамбыл облысынан әскерге шақырылған мерзімді әскери қызметкер Данияр Амалбеков бір айға жетпей көз жұмды. Оқиғадан кейін бірден Ұлттық ұлан өкілдері сарбаздың созылмалы лейкоздан көз жұмғанын айтты. Алайда марқұмның ата-анасы ұлдарының әскерге кетерде денсаулығына еш шағымы болмағанын, сап-сау жібергенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Данияр Амалбековтың анасы Гаухар Сәрсебаева қатты ауырып жүр, қазір ол жүрегіне операция жасауға дайындалып жүр.

“Ол маған “Анашым, мен әскерге барып келемін, әскери қызметкер боламын, үй сатып аламын. Сені емдетемін, аяғыңнан тұрғызамын, ештеңеден тарықпайсың” деп айтатын. Ол осы арманымен өмір сүрді. Ал қазір өзі жоқ…”, – деп көз жасына ерік берді Гаухар Сарсебаева.

Оның айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айында Даниярға әскерге шақыру қағазы келген. 8 желтоқсанда ол Жамбыл облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне барған. Сол күні-ақ қабылданып, 9 желтоқсан күні таңертең әскери қызметке жіберілді.

“Ол – әпкемнің жалғыз ұлы. Әпкемнің өзі де қатты ауырады. Соған қарамастан, Даниярдың әскери борышы кейінге қалдырылмады. Медициналық тексеруді қалай өткізген? Егер ол лейкозбен ауырса неге оны бірде-бір талдау растаған жоқ? Бұл диагнозға қатысты ешқандай құжатта дәлел жоқ”, – деп күрсінеді Гаухар Сарсебаеваның әпкесі Шарбат Керімбаева.

Туыстарының айтуынша, Данияр әскерге кеткен соң үшінші күні қатты іші ауырған. Дәл осындай ауру белгілері тағы екі сарбазда да болған. Алайда кейін командирлердің айтуынша, олардың бірі сырқат болып көрінген, ал екіншісі әскер сапына қайта оралды.

Марқұмға қатысты өлімнен кейінгі эпикризде көрсетілген мәліметке сәйкес, 11 желтоқсаннан бастап Данияр медсанчасте ем қабылдаған. Оған антибактериялық және дезинтоксикациялық ем тағайындалған. Алайда бұл ем тиісті нәтиже бермегендіктен, 30 желтоқсанда оны “Али-Нұр” медициналық орталығына жеткізген. Ол жерде тексеруден өткен соң, алдын ала “ішкі органдардың ауырсынуы” диагнозымен “Хадиша” медициналық орталығына жіберілген.

Дегенмен хирургтер бұл патологияны жоққа шығарып, жедел гепатит пен жедел ішек инфекциясы деген күдікпен сарбазды қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жіберді. Бірақ ол жерде де бұл күдіктер расталмай, жігітке пневмония диагнозы қойылып, қайтадан “Хадиша” медициналық орталығына жөнелтілген. Сол уақытқа қарай Даниярдың жағдайы күрт нашарлап, оны шұғыл түрде ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылданған. Данияр 5 қаңтарға дейін “Хадиша” медициналық орталығында болған.

“Даниярдың ауырып қалғанын бізге тек 27 желтоқсанда білдік. Мен видеобайланыс арқылы сөйлестім. Ол менен алаңдамауымды өтінді. Бірақ бұл сөздерді ол өзі сөзімен айтпады, бәсең дауыспен сөйледі. Оның жанында біреу болды, оған нұсқау беріп тұрғанын естідім”, – деп еске алды Гаухар.

Сондай-ақ құжатта “Мерекелік күндер болғандықтан сүйек кемігін алу пункциясы уақытында жасалмаған, пациент жансақтау бөліміне ауыстырылды” делінген.

Шымкенттегі Данияр Амалбеков әскери борышын өтеген Ұлттық гвардияның №6506 бөлімінде марқұмның туыстарына қалада госпиталь жоқ екенін айтқан. Госпиталь Таразда бар, ол бір сағаттық жерде орналасқан.

5 қаңтар күні Даниярды шұғыл Шымкент қалалық №2 ауруханасының гастроэнтерология-нефрология және гематология бөлімшесіне жеткізген. Сол күні оған ата-анасы мен туыстары барды.

“Мен ауруханаға бірінші болып кірдім. Оны дәлізде көріп қалдым. Мені көріп, қуанды. Дереу оның анасына жүгірдім. Бөлімге кіргенде оны палатаға жатқызған екен. Себебі мен наразылық білдіре бастадым. Сол кезде оның іші өте үлкен еді және катетер ілулі тұрды. Біз рұқсат етілген уақытқа дейін бірге болдық. Ол тіпті тамақ ішті. Шоколад және шырын сұрады. Біз оны соңғы рет көріп тұрғанымызды білсек…” – деп көз жасына ерік берген Даниярдың бөлесі Аида Баймаханова.

Кешке оған хабарласып, Даниярды жансақтау бөліміне алып кеткенін айтқан. Оның туыстары Тараздан Шымкентке қайта шықты. Соңғы тәулікте оның жүрегі бірнеше рет тоқтаған. Ал 6 қаңтар күні түстен кейін жігіт жан тапсырды.

“Сол кезде туыстар аурухана жанында отырды, мен жұмысқа кеткенмін. Оларға Даниярды көрсетпей қойды. Түстен кейін маған хабарласып, ол қайтыс болғанын айтты. Телефонмен естіртті. Тіпті онда “туыстарының бірі де жоқ” деп өтірік айтты. Біз баланы сап-сау жібердік, бізге оны табытпен қайтарды” – деп ашынады Аида Баймаханова.

Құжатта полиоргандық жеткіліксіздік өлімге себеп деп көрсетілген. Яғни, жүрек-қан тамырлары, тыныс алу, бауыр, бүйрек жеткіліксіздігі және ми ісігі. Сол жерде кейінгі диагноз ретінде алғаш рет анықталған миелодиспластикалық синдром көрсетілген. Бірақ ол диагнозды қалай қойғаны белгісіз. Ата-анасының айтуынша, биопсия талдауының нәтижелері келесі аптада ғана дайын болады деп еді? Сондай-ақ миелодиспластикалық синдром лейкоз емес, ол қатерлі жағдайға әкелуі мүмкін қан ауруларының тобы екені атап өтілген.

Ұлттық гвардияның баспасөз қызметінің мәліметінше, Даниярға алғаш қойылған диагноз – асқынған лейкоз. Ресми хабарламада былай делінген:

“Жамбыл облысының Қорғаныс істері департаментінен қызметке шақырылған мерзімді әскери қызметкер алғашқы күндерінен бастап бірнеше рет медициналық көмекке жүгінді. Ол есепте тұрған және Шымкент қаласындағы медициналық мекемелерде тексеруден өткен. 2026 жылғы 6 қаңтарда мерзімді әскери қызметкердің жүрегі тоқтап қалды. Қалалық ауруханада жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан ол қайтыс болды. Бастапқы диагноз – асқынған лейкоз.

Осы тұста “Даниярда миелодиспластикалық синдром болса, қан талдаулары қалыптан тыс өзгерісті көрсету керек еді ғой” деген заңды сұрақ туады. Жамбыл облысының Қорғаныс істері департаментіндегі орынбасарлардың бірі Ерлан Маханов қазір тергеу жүріп жатқанын және алдын ала тергеу мәліметтерін жариялауға болмайтынын айтты.

Белгілі болғандай, әскерге шақырылатындар өздерінің тұрғылықты жеріндегі емханада тексеруден өтеді. Барлық талдау да сол жерде жүргізіледі. Ал әскери комиссариатқа олар барлық құжатымен барып, тек бақылау тексерісінен өтеді.

Данияр тұрғылықты жері бойынша “Мейірім” емханасына бекітілген. Жамбыл облысының әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы Damumed деректер базасына сәйкес, оның Шымкентте ем қабылдағанын мәлімдеді. Тұрғылықты жері бойынша ол аталған емханаға бармаған және жүгінбеген.

“Тіпті әскерге шақырылғандар медициналық көмекке жүгінсе де, оларды деректер базасы арқылы тіркеуге алмайды. Сол сияқты тексеруге жолдама да берілмейді. Олар тек жеке тәртіппен өтеді”, – делінген жауапта.

Яғни, Даниярдың медициналық тексеруден нақты қай жерде өткенін бірде-бір уәкілетті орган нақты айта алмады. Осы тұста “ол медициналық комиссиядан өтті ме” деген сұрақ туады. Себебі туыстарының айтуынша, ол 8 желтоқсанда Қорғаныс істері департаментіне барған, ал 9 желтоқсанда-ақ әскери қызметке жіберілген.

№6506 әскери бөлімінде бұл дерек бойынша Әскери тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Жағдай Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық гвардияның бас қолбасшысы Ансаған Балтабековтың жеке бақылауында.

Ұлттық гвардияның басшылығы мен жеке құрамы әскери қызметкер Данияр Амалбековтың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтты.

Еске салсақ, Жамбыл облысынан әскерге шақырылған мерзімді әскери қызметкер Данияр Амалбеков бір айға жетпей көз жұмғаны туралы хабарлаған едік.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 13 Қаңтар, 2026 14:51