Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында жанармай құю бекетінде мотоцикл жүргізушісін пышақтап кетті (видео)

13 сәуір күні Жамбыл облысында жанармай құю бекетінде ер адам мотоцикл жүргізушісін екі рет пышақтаған. Кейін ер адам Toyota көлігімен Мерке бағытына қашып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Видеокадрдан мотоцикл жүргізушісінің жанармай бекетіне қарай келе жатқан сәті түсірілген. Оның артынан ер адам еріп келген. Бір сәтте әлгі ер адам қалтасынан пышаққа ұқсас затты алып шығып, мотоцикл жүргізушісіне бірнеше рет сұғып алады. Видеодан екеуінің арасында бұған дейін бір түсініспеушілік болғаны байқалады. Дегенмен жәбірленуші мұндай шабуылды күтпегені анық көрініп тұр.

Мәліметтерге сенсек, ресейлік байкер Шымкентке мотоцикл маусымының ашылуына бара жатқан. Ер адам мотоцикл жүргізушісіне шабуыл жасап, көлікке отырып қашып кеткен.

Жәбірленуші алдымен Мерке аудандық ауруханасына жеткізіліп, кейін Алматыға ауыстырылған. Алайда жәбірленуші ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 32 жастағы ер адам пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

"2024 жылғы 13 сәуір күні сағат 16:10-да Меркі аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Диагноз: оң жақ кеуде тұсы мен бел тұсынан пышақталған жарақат. Алғашқы медициналық көмек көрсетілді, жарасына тігіс салынды", – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Бірнеше уақыттан соң ішкі істер министрлігі Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы жанармай құю бекетінде суық қару қолданылған шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

"Зардап шеккен шетелдік азаматқа полицейлер жедел түрде ауруханаға жетуге көмектесті. Оған медициналық көмек берілді. Ауруханаға жатудан бас тартты, өміріне қауіп жоқ. Күдікті қашпақ болған сәтінде ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу ісі менің жеке бақылауымда", – деді министр Ержан Сәденов.



Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде бір топ жігіт 11 сынып оқушысын қатыгездікпен соққыға жығып, пышақпен жарақаттаған. Салдарынан жасөспірім төсекке таңылған. Жәбірленушінің отбасы төбелеске қатысқандардың барлығын жазалауды талап етіп отыр. Оқиға 2025 жылдың 21 наурызында қала шетінде болған. Жәбірленушінің анасының айтуынша, ұлы сол күні көршісімен кездесуге кеткен.

Талқылау