Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында су тасқыны басталды: Әкім тұрғындарға көмек беруді тапсырды

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінен

Жамбыл облысында Бектөбе тұрғын алқабында тұрғын үйлерді су басты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға Әулиеата ауданына қарасты Бектөбе тұрғын алқабында болды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев оқиға орнына барып, су басқан тұрғын үйлерді аралап көрді.

“Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою жұмыстарына 109 адам және 40-тан астам техника жұмылдырылды. Су басу қаупін азайту мақсатында құм толтырылған қаптар төселіп, шамамен 4-5 тонна инертті материал пайдаланылды. Ұзындығы 250-300 метр қорғаныс бөгеті жасалды. Сонымен қатар аулалар судан тазартылып, арық-дренаж жүйелері механикалық тәсілмен аршылды. Жұмыстар жалғасуда”, – делінген әкімдік хабарламасында.  

Әкімдік мәліметінше, қалың қардың еруі мен жауын-шашын салдарынан облыс орталығындағы бірнеше жеке тұрғын үйдің ауласын су басқан.

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінен

“Таразға екі күн бойы толассыз қар жауды. Қар қалыңдығы 63 сантиметрге дейін жетті. Ауа райының күрт жылынуына байланысты жүктеме артып отыр. Басты мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Облыс орталығындағы барлық арық-атыздар мен каналдарды толық тексеріп, уақтылы тазарту қажет. Мәселені салдарымен күресу арқылы емес, алдын алу шараларын күшейту арқылы шешуіміз керек. Көктем мезгілі жақындап келеді. Сондықтан мұндай жағдайлардың қайталану ықтималдығы жоғары”, – деді Қарашөкеев. 



 Облыс әкімі су басу қаупі жоғары аймақтарды тұрақты бақылауда ұстауды, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді, әлеуметтік желілердегі тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырды.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 18 Ақпан, 2026 16:55