Жамбыл облысында полицей ер адамды есірткі тұтынуға көндіріп, кейін оны қамауға алған
Жамбыл облысында полицейлер айыптыны бірнеше рет синтетикалық есірткіні бірге қолдануға мәжбүрлеген. Ер адамның сеніміне кіріп, тәртіп сақшысы оған синтетика сатып алу үшін ақша берген. Бұдан кейін әріптесі екеуі тергеу жұмыстарын жүргізген. Ұсталған ер адам ақталып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жамбыл облысы полиция департаменті
Прокуратураның мәліметінше, заң нормалары анық бұзылуына байланысты бас прокурор Жоғарғы сотқа наразылық енгізді. Қарау қорытындысы бойынша жоғары тұрған сот полицейлердің әрекетін арандатушылық деп танып, сотталғанды ақтап, сот актілерінің күшін жойды.
"Сотталғанның қорғаушысы оның синтетикалық есірткі сатқанымен келіспей, арызданған. Ол өтінішхатында Жамбыл облысының полиция қызметкерлері тарапынан арандатушылық әрекеті болғаны туралы уәждер көрсеткен. Істі зерделей келе, полиция қызметкері бастапқыда сотталғанды синтетикалық есірткіні бірге қолдануға көндіргені, оның сеніміне кіріп, қызметкер синтетикалық заттарды сатып алуға ақша бергені анықталды. Кейін ол әріптесімен бірге жедел-іздестіру және жасырын тергеу әрекеттерін жүргізіп, сотталған азаматты психотроп затты сату барысында ұстаған", – делінген бас прокуратураның хабарламасында.
- 3 келі есірткіні газдалған сусынға ерітіп шекарадан алып өткен: Шымкентте Ауғанстан азаматы сотталды
Деректерге сенсек, қолжазба сараптамасына сәйкес жедел-іздестіру туралы бұйрықта тергеушінің қолы жалған екені белгілі болды.
Еске салайық, бұған дейін шілде айында ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Астана мен Алматыдағы 3 ірі есірткі зертханасын әшкереліп, жұмысын тоқтатқанын жаздық. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Қазақстанның 8 азаматы ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды.